11.03.2022
  203


Автор: Рафаэль Ниязбек

ДӘРІГЕР ДОСЫМА

Қаһан Сейтжанұлына
Жетім бұзау секілді мөңіреп кеп,
Құзырлыны жүрмедің төңіректеп.
Азаматтың бірісің, Қаһан мырза,
Қарғып мінген үстіне өмірді ерттеп.
Аспанында қоңыр бұлт жиі көшкен,
Бәйтеректің бірісің биік өскен, –
Қан майданнан әкесі қайтпай қалып,
Жетімдіктің бір кезде күйін кешкен.
Өміріңнің тұрғызып мұнарасын,
Неге сенің көңілің жырламасын.
Тіршіліктің қан құйып тамырына,
Сабырлы өзен секілді нұрлы ағасың.
Шындық жоқта шыңғырып
шыңға атылған,
Шырмауыққа жан қанша шырматылған.
Ақ қанатты періште дәрігерсің
Қоғамды емдеп жазатын сырқатынан.
Жаңа туған кезіңде ес білмеген,
Кіндігіңді найзағай кесті ме екен.
Көкірегіңде тұңғиық сырлар жатыр
Жан баласы өмірі естімеген.
Бұлақтарды жетелеп қарғып аққан,
Кісіліктің ер қанша шамын жаққан.
 Абыз болар жігіттің көкірегі
Ақ дария болатын шалқып жатқан.
Қуатыңа айналса жиі белес,
Сені қайдан жеңеді құйын, егес.
Ат үстінде жүргеннің бәрі бірдей,
Қаһан мырза, өзіңнен биік емес.





Пікір жазу