11.03.2022
  179


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚ КОСТӨМ

Ақын Ғалым Жайлыбайға
Күн алыстап бақыт болып қонатын,
Зауал туып келеді ме тоңатын.
Күнім менің арғы бетке ауғалы,
Төсек тартып жатқан кезім болатын.
Нұрлы таңның нұры ойнаған жүзінде,
Ғалым ақын көрген мені түсінде.
Сырқатымнан құлан таза айығып,
Жүр екенмін ақ әлемнің ішінде.
 – Арпалыспен өтсін, мейлі, өмірің,
Биіктерден естіледі өр үнің, –
Деп үстіме жапты әкеліп ақ костөм, –
Ағарсын деп күреңіткен көңілің.
Ұшты мені бір қыран құс айға алып,
Отбасында отырма деп байланып.
Ғалым берген ақ костөмді кигенде,
Жүре бердім әппақ нұрға айналып.
Жүрегімді жұртым ұғып, тау ұғып,
Сырқатымнан түрегелдім сауығып.
Ғалым бойға қуат болып кіргенде,
Ажал мені жеңе алмады жауығып.
Болашақтың көріне алмай төрінен,
Жұлдыз қанша ағып түскен көгімнен.
Мүмкін мені ауырғанда жебеген
Қыдыр шығар Ғалым болып көрінген.





Пікір жазу