11.03.2022
  160


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕН ҚЫЗМЕТ ЖАСАСАҢ ЕЛГЕ ҚАЛАЙ


Түскен сәуле секілді шың басынан,
Танымалы жігіт те тұлғасынан.
 Сен жолықтың
Елімнің жүрген кезде
Құланынан көз жазып, құлжасынан.
Бел асатын жігіт көп, қыр асатын,
Бірақ ойлы жас қайда сырласатын?
Азамат ер көп болса,
Елдің мынау
Көз-жанарын кезең бе мұң басатын.
Нарық болып елді кім сілкілеген,
Жігіт қайда өзіңдей нұр тілеген?
Найзағайдай құр бәрі жарқылдайды,
Жерге жаңбыр жаудырмай күркіреген.
Күн кешсе де жарқылдап жарық та арай,
Тұралаған жұрт мынау шарықтамай.
Көп жігіттер айналған шыңырауға,
Шыңыраудан су ішсін халық қалай?
Жаңбыр болып құймаған даласына,
Жарыта ма ұл болып анасына.
Інілікке жігіттер жарамаған
Елдің қалай айналсын жағасына.
Жігіт деймін мен сені ер болатын,
Сен емессің жауына жем болатын.
Әттең, сендей азамат көп болса ғой,
Қолы қысқа қазаққа жең болатын.
Көңіліңді ен тоғай көрем сенің,
Көшіп келіп жағалай ел қонатын.
Тұла бойын жеріктің желі буған,
Арман бар ма анада сені туған.
 Гүл іздеген бақшадан бал арадай
Бақыт пен бақ сені іздеп,
Сені қуған.
Қилы шақта сарбазсың ат та ерттеген,
Семсер, қылыш сен емес жатқа өтпеген.
Бақ та кейде ызыңдап ұшқан шыбын,
Бірақ сендей асылмен бақ көктеген.
Тәңіріден өз басын кем қоймаған,
Жігіт қанша жел қуып белде ойнаған?
Көргенім жоқ қор болған азаматты
Өзін емес,
Алдымен елді ойлаған.
Шаңырағы шайқалған желге талай,
Кімге тұтқа басшылар енген сарай.
Бақ та солай басыңа келіп қонар,
Сен қызмет жасасаң елге қалай.





Пікір жазу