11.03.2022
  170


Автор: Рафаэль Ниязбек

НАР ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТ

Заманбек Нұрқаділовке
І
Жетсе керек халқыңды жанышқалы,
Нарық болып жүр әлі алысқаны.
Әкімдердің ішінде өзің ғана
Айға атыла білетін арыстаны.
Заман ба, әлде адам ба елді ұлытқан,
Көктем қайда кешегі жер жылытқан?
Тәуелсіз ел болсақ та
Неге, неге
Арманына жете алмай ер булыққан?
Заманыңды Заманбек түзе, ендеше,
Қайта тапсын күлкісін ел ұмытқан.
Емес шығар кесірі тым өрліктің,
Көкжиекке батса егер түнеріп күн.
Нар тұлғалы жігітсің,
Мүмкін емес,
Тал бойыңда болмауы бір ерліктің.
Кім тілейді өз елін жайратқанын,
Керек сенің құлпырып, жайнатқаның.
 Ақындардың үні өшкен сұм заманда,
Кімге дәрі бір бұлбұл сайратқаның.
Әкім болып, бауырым, үмітті елге,
Көтерілдің қайыра түбіт-төрге.
Халық қамын ойламай,
Ызалымын,
Халық нанын жеп жүрген жігіттерге.
Көз жасына халықтың нанын малып,
Жегенше олар
Өлмей ме кіріп көрге.
ІІ
Егер қарай білмесе алысқа ері,
Есік ашып тұра ма ғарыш төрі.
Барысқа ері айналмай ең алдымен,
Қалай ғана айналсын барысқа елі?!
Келбетінен көктемнің желі еспеген,
Жұртпыз, әлде өзгеге теңеспеген.
Қаптап өсе бергенше нар қамысы,
Ар-намысы елімнің неге өспеген?!
Елдер қанша келмейтін шоқтығынан,
Секілденіп көрінген текті қыран.
Тепкіге еті үйреніп кеткен сынды,
Момын жұртың намыстың жоқтығынан.
Кейде оқыс қылығы жат көрінген,
Кейде семсер секілді қақ бөлінген.
Намыс болса бұлқынған
Жемқорларды
Жұлып түспей жүр неге ат белінен?!
 Жоғалса да сағымдай талай сенім,
Жоғалтқан жоқ ақ таңын арайлы елің.
Өзің бастап барысқа айналмасаң,
Барысқа елің айналсын қалай сенің?!
Билік тимей бұлқынған намысты ерге,
Жүрміз әлі жете алмай қарыс жерге.
Сен де, бірақ, барысқа айналмайсың,
Жұртың түгел айналмай барыс елге.
ІІІ
Ақын біткен айналса дуанаға,
Ақын емес жан түгел қуана ма?
Көктем болып ақынға қараса егер,
Өкіметтің тамыры суала ма?
Көшелерде жоғалтқан сылқым-күнін,
Көтермесең, өзің біл, жыр дүлдүлін.
Ақындарды егер де ұнатпасаң,
Неге сүйдің қазақтың бір бұлбұлын?!
Айдындарға жол тартқан төзім – кеме,
Азаматсың көзің – от,
Сөзің – жебе.
Ақындарды егер де ұнатпасаң,
Жыр жазасың, алайда, өзің неге?!
Күн көрістің шаршаған шайқасынан,
Не шығады ақынның айқасынан?
Кітапхана бүгінде тарс жабылып,
Шарапхана залы боп қайта ашылған.
Өскені ме,
Елдің бұл өшкені ме?
 Бұдан өзге жоқ па үлгі есті еліңде.
Алматыда от жанбай жатыр әлі,
Астананың өкпелеп көшкеніне.
Құлағыңнан тұрса егер зары кетпей,
Жетім елді қолдарсың арын төкпей.
Қараңғыда қалмасын жер тырмалап,
Жылу жетпей,
Халыққа жарық жетпей.
Жүрген жері бықсыған,
Түтіндеген,
Басшы қанша бір-бірін түтіп жеген?
Азамат боп қалсаң деп армандаймын,
Тозған елдің жыртығын бүтіндеген.
IV
Қышқырғанда қызғыштай ердің жаны,
Түгесіліп біткенде елдің малы.
Әкім болдың, қайтейін, әкім болдың,
Жұтағанда бойынан жердің нәрі.
Ақынға емес,
Алайда, әкімдердің
Қабағына қарайды елдің бәрі.
Бәрін жеңіп зауалдың төнген қарпып,
Қоңыр желдей есерсің төрден аңқып.
Заманыңды Заманбек жақсартарсың,
Димаш ағаң секілді өрге тартып.
Жалын шашып көздерден,
Жалқын шашып,
Кедейліктен құтылып халқың тасып,
Отыратын Заманбек күн туар ма,
 Жаздың шуақ күніндей жарқылдасып.
Алқа-аламан жиында
Алатаудай
Димаш ағаң секілді нарқың да асып.
Сондай күнге жеткізсін зеректігің,
Сен баптаған құрт шалмас терек түбін.
Сенен жақсы білетін бар ма азамат
Елді қалай басқару керектігін.
Іні тауып жүрсең де, аға тауып,
Жүгің жатса ол – жаман жағада ауып.
Қайта-қайта сен жаққа көп қарайды,
Елдің барлық үміті саған ауып.
Төрт құбылаң болмасын неге түгел
Түн ұйқыңды төрт бөлсең сана сауып.
...Бұл бір емес намыстың тебінгені,
Сол үшін де ұнатар елім мені.
Саған сенем,
Жыр жазсам өзіңе арнап,
Таудың тауға алыстан көрінгені.





Пікір жазу