11.03.2022
  134


Автор: Рафаэль Ниязбек

БІР РЕДАКТОРҒА

1. МАЛТА ТАС
Жақсы емес-ау пиғылдың бұзылғаны,
Жығам деумен келесің құзымды әлі.
Бұл өмірден қаншама ғұмыр өтті
Өлеңімді өзіңе ұсынғалы.
Көктем өтті,
Қыс өтті дауылдатқан,
Жауған қардай мұңымды қалыңдатқан.
Жүрегімді тартпаңда неге ұстадың,
Жырым – жүрек емес пе жалын атқан?
 Күмән әлде келтіріп шабытыма,
Қоймақсың ба сұғынтып қамытыңа.
Көрдей суық ұстайтын құшағыңда
Қара тартпаң – өлеңнің табыты ма?!
Асып жатсын дедің бе сорың бастан,
Бұғынып кеп жықпылды қорым тастан, –
Орға аттың ба құлагер – жырымды әлде,
Батырашқа айналып жолын тосқан.
Жақсы болсаң құшар ем құшаққа алып,
Жырым жатыр тартпаңда “тұзақталып”.
Өскендердің ішінде
Жалғыз сенсің
Малта тастай үлгерген ұсақталып.
2. ЖАУАПТЫ ХАТШЫ КЕЗІҢДЕ
Көшкен сағым секілді далада өрген,
Қысастықты жан емен жаңа көрген.
Бильярдтың таяғын ойнамақ боп,
Кезім еді жаңадан ала берген.
Елден ерек сұғыңды маған қадап,
– Сөгіс! – дедің танытып қабан қабақ.
Шарам қайсы көнбеске?
Шын дәуірлеп,
Өсіп жатқан заманда арамтамақ.
Бұған мойны жуандап, шырайланып,
Иттер озған кез еді, құмай қалып.
– Шықсын, – дедің, – жұмыстан, –
Сұмдығыңды
Ішке түйіп келдің бе бір айналып.
 Бойың бейне секілді қысқа тұлып,
Қабағыңа,
қасыңа мұз қатырып.
– Босатпасақ болмайды, – дедің, – бұны,
Жатқан тұста бір орын қысқартылып.
– Неге? – дедім, өзімше шын берілмей,
Жанарымнан жарқылдап күн көрінбей.
– Төрт құбылаң сай сенің,
дүниең түгел,
Айтқан сөзге көн, – дедің, – тым керілмей.
Жалын шашып ғұмырың өтсе өнерде,
Өзің сынды жалғанда от сөнер ме?
Үй ала алмай қалады Доспанбетов,
Қысқартылып жұмыстан кетсе егерде.
Не пәлені қағынтып, ұшындырып,
Көңіліңнен ақ жарқын құсың күліп, –
Келесің сен әлі де,
Айналаңа
Кісілік деп бұныңды түсіндіріп.
Көгердің бе сен содан шыңға жетіп,
Өмір-өзен,
келесің былғап өтіп.
Мән бар ма, айтшы, жасаған жақсылықта,
Біреу үшін біреуді құрбан етіп.
Жықтың мені осылай тіреу көрмей,
Қайтем енді жайыма жүре бермей.
Оңашада ыржақтап: – Пенде, сірә,
Күн көрмейді, – дедің-ау, – біреу өлмей.
 Жасап жатқан мезгілде қолдан шынар,
Мен емеспін аталы жолдан сынар.
Озық ойлы редактор көз жұмғанда,
Құнжиғаның орнына содан шығар.
Жақсылықты жанына жолатпаған,
Жансың ба әлде тірлікті жолақтаған.
Құзғын боп та көзіме елестейсің,
Бір бейбіттің басына қонақтаған.
3. КӨШІР ДЕЙСІҢ СЕН МЕНІ
Жанар отым жарқылдап тылсым көкте,
Көкірегім бостан-бос күрсінбек пе.
Жазғырдың-ау сен мені мұқатпақ боп,
Мағауинге көшір боп жүрсің деп те.
Амал қанша сол болса түсінігің,
Жасы үлкенді тасысам –
кішілігім.
Сен қудырсаң жұмыстан...
Қайта алған-ды,
Мұхтар ағам танытып кісілігін.
Дамыл таппай қыр асып, жыраққа асып,
Күндіз-түні жүгірген бұлақты ашып, –
Мұхтар шуақ емес пе білгендерге,
Жүрсем жүрген шығармын шуақ тасып.
Дарытсам деп бойына жердің нәрін,
Шырқап өтем өмірден көлдің де әнін.
Жақсылыққа жамандық жасайтұғын
Көремісің өзіңдей елдің бәрін.
 Жүрегімді сұм сөзің тілгіледі,
Қайтіп сенің кеудеңнен күн күледі.
Бастықты емес,
Тегінде кісілікті
Тасып жүрген шығармын...
Кім біледі?!





Пікір жазу