11.03.2022
  233


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚҰЛҚЫНЫНАН ЖҰРТ БОЛСА АСА АЛМАҒАН


Болашағын кең шолып, жарқын барлап,
Жаздым қанша өжет жыр халқыма арнап.
Жазғанымның бірін де қажет көрмей,
Адасқандай ауаны қалдым қармап.
– Тұқым болса жер жыртып себер еді,
Ат болса егер арбаға жегер еді.
Тауықсыз да таң атқан бұл заманда,
Жырың, – дейді, – халыққа не береді?!
 Бөрі ұлымай, мезгілде тазы ұлыған,
Ат кеткені жақсы емес қазығынан.
Жақсылыққа бастаса саңлақтанып,
Жұрт қаша ма жан рухы – азығынан?
Жапырақтай қалтырап жел өтінде,
Мың құбылған заман-ай келте күнде.
Қажет көрмей жақсы жыр – жан азығын
Азғындаған жұрт аз ба жер бетінде.
Жыр жазсам да жеп ылғи жұрттың қамын,
Көрмей келем қол созып ұмтылғанын.
Өжет жырға жұрт неге құмар емес
Қызықтаған күннің де тұтылғанын.
Өлең оқып рухтанып, тазармай ма
Сөз еткенше иттердің құтырғанын.
Жар құлағы жастыққа тимей жүрген
Қадіріне жетеді кім тұлғаның?
Заман жақсы болса егер жұрт та, бәлкім,
Жүдер ме еді көп ойлап құлқын қамын.
Көңілдері жыр сүймей қасаңдаған
Қай халық та көктемдей жасармаған.
Асқарлардан асады қазақ қалай
Құлқынынан жұрт болса аса алмаған?!





Пікір жазу