АҚЫН ДЕГЕН ҚОҒАМНЫҢ ЕРМЕГІ НЕ?
Залымдардың жарқырап күні көктен,
Ақын қанша ішінен тынып өткен.
Адамдар да бара ма құнсызданып,
Сұм заманда теңгенің құны кеткен.
Құны кеткен теңгенің сұм заманда,
Түскен жоқ па жұрт түгел шырғалаңға.
Тауға шөккен бұлттардай
Кім ойлаған
Сор мен бейнет үйір деп мұңды адамға.
Жан сарайы ашылып қалмас па еді,
Жұртым жазған жырымды тыңдағанда.
Құдай мені ақын ғып жаратқан-ды,
Әкімдікті бұл тағдыр бұлдағанда.
Көгі солып, қураған шөбі қалып,
Жұрт жүдеген мезгілде тоғы да арып.
Ақын деген оқтаулы мылтық болса,
Сол мылтықтың тастаған оғын алып.
Қаңғытпаса қаңбақтай құм далаға,
Арақ ішіп ақындар жындана ма?
Адам, қоғам...
бәріне қажет болмай
Айналса егер, қайтеді, дуанаға.
Жырдан жұлдыз шашатын жер-көгіне,
Ақын деген қоғамның ермегі ме?
Қажет көрсе ту етіп,
Көрмесе егер
Сабататын тентегі, телпегіне.
Қайшыласқан уақыт тіресінде,
Жағаласпай сұмдармен жүресің бе.
Күресінге лақтырған ақындарын
Қоғам да ертең қалады күресінде.