АҚЫН ДОСПЕН ӘҢГІМЕ
Кернегенде кеудеңді шыңдап әнің,
Қажет емес жұлқынып, тулағаның.
Комерсант боп тусаң да бұл заманда,
Жақсы еді ғой ақын боп тумағаның.
Өлең-жырға тағдыры қосақталған,
Қасы ақтаған сенімін, досы ақтаған, –
Ақындардың бұл күні, шынымды айтсам,
Шиша ғұрлы құны жоқ босап қалған.
Қарсы ұмтылып нарықтың жебесіне,
Түсті ме әлде жарақат денесіне.
Ақындарын ұмытты қайран халық,
Еркелетіп көтерген төбесіне.
Қажет емес және де ғалымдығың,
Неге керек алқалы, алымдығың.
Байлық,
Билік,
Қыз-қырқын... бәрі сенде,
Артып тұрса заманнан залымдығың.
Ақындарға қарайды осқырына
Саудагер де сипатпай жалын бүгін.
Ақын деген – заманның жантағы ма,
Тікен болып қадалған ардағына.
Неге, ендеше, бұл күні жұрттың бәрі
Жүгіреді жанығып қалталыға, –
Таласқандай бір кезде хан тағына.
Ар-иманын жүгірген тауып беріп,
Ақындарын жүр ме, әлде қауіп көріп.
Тары көрсе қыт-қыттап тұра ұмтылған
Жұрттың бәрі кеткен бе тауық болып?!