АҚЫН – ХАЛЫҚ ҮНІ НЕМЕСЕ АҚЫНҒА КҮЛГЕН ІНІГЕ СЫР
Арын ту ғып көтерген ақындарға,
Келемеждеп күлердей хақың бар ма?
– Досым көп, – деп бөсесің күнара кеп,
Симай жүріп туысқа, жақындарға.
Жалғандықтың бәріне майдан ашқан,
Ақынмен тек тексіз ит тайталасқан.
Жер-жаһанға көз салған ой жүгіртіп,
Ақын деген кеңістік, байтақ аспан.
Ақын – биік,
Аласа асқарың да,
Сәуле болса ұғар ең бастарыңда.
Ақын халқы жүгірген нұрлы ағыстар,
Жұмыр жердің жетіқат астарында.
Заман жақсы болса егер,
Неге жерде,
Саңқылдаған қырандар аспаныңда?!
Елдің көзін шел басып, мұң жапқанда
Намыс болып бұлқынған тулап қанда, –
Ақын емей басқа кім?
Тас қоғамға
Халық болып қаһарлы үн қатқан да.
Жанның бәрі биікпе биіктегі,
Биік болса, неге азды сүйікті елі.
Ақындардан әулие кім бар, айтшы?
Жыр жазатын өртеніп, күйіп демі.
Жаңармаған немесе көнермеген,
Жалған дүние куә оған не көрмеген.
Тыңдамаған ақынын,
Қай кезде де,
Көсегесі елдердің көгермеген.
Билік құрған жақсысы, жаманы да
Ел оңды ма Абайдың заманында.
Ұлы ақынды арым деп ардақтамай,
Талаған-ды қасқыры,
Қабаны да.
Халық болып шырқалған бақтан әні,
Жыры емес пе ақынның баптағаны.
Тыңдағаннан Бұқарды
Абылайдың
Қалың орман орысты шаппағаны.
Шапқанда егер –
От шашқан жалқынды ұрып,
Алмас па еді қанжоса халқын қырып.
Ақындарын ұмытқан қазіргілер
Жүрген жоқ па ел-жұртын алқындырып.
Қай кезде де шырқаған шалқып әнін,
Айналмаған мәңгүртке жарқын дарын.
Ақындарын ұмытқан кілең басшы,
Ұмытқан да сияқты халқы барын.
Жүрегінен олардың жыр төгілмей,
Қайдан ғұмыр кешеді жұрт егілмей, –
Жан сезімі тас бетон темір жандар
Ел басқарса көзінен нұр себілмей.