11.03.2022
212
ИМАНСЫЗДАН ЖАҚСЫЛЫҚ КҮТПЕ
Өзегіме құрт түсіп бүлінбедім,
Түсі суық жанға да күлімдедім.
Адамдардан жамандық көп көрсем де,
Түзелер деп алайда түңілмедім.
Бау-бағыма жатқандай бұлағы ағып,
Жолымды ылғи бөгейді тұра қалып.
Жырдан шырақ жақтың деп жазғыра ма,
Түскен қанша соңыма шырақ алып?
Ақ азу боп жан қанша сақылдаған,
Сұм тағдырдай жан қанша тақымдаған?
Адамдардан сонда да безе алмадым,
Жағалаудай көрініп жақындаған.
Айқыш-ұйқыш жолдарда жолақтанған,
Қорықпадым кеудеме оқ атқаннан.
Есесіне Құдайға мың сыйындым,
Сақтай гөр деп иманын жоғалтқаннан.
Жамандықты ұран ғып баласына,
Шегелеп те сіңірген санасына.
Имансыздан жақсылық күтпе, ағайын,
Шабатын да солар ғой анасына.