ҰМЫТПАЙДЫ АҚЫНЫН
Сағындым ба
түседі кеп есіме...
Ерте ілінген ажалдың жебесіне,
Әкең сенің текті еді,
Көргенді еді,
Арлы ақынды көтерген төбесіне.
Әр нәрсені бір шатып, сайып келіп,
Ақындықты жүрсің сен айып көріп.
Алатау боп жан әкең қарсы алатын,
Тасып аққан мені бір Жайық көріп.
Мен кеткенше қасымда жүруші еді,
Үлкен кеме секілді қайыққа еріп.
Тіл безеген ақынға – асыл айға,
Қылығыңды көрсе әкең жасымай ма?
Жамансың ба жақсыдан туған, әлде
Татымайтын бір атым насыбайға.
Ақындықты шын ерттеп, жеке мінген
Күнің бар ма жан сырын жете білген?
Мені көрсең –
Жолдағы шеңгел құсап,
Тартқыламай қалмайсың етегімнен.
Ел еңселі ақынмен,
Ер еңселі,
Ұмытпайды ақынын өлсең де елі.
Қызыл иті сен болып қызғаныштың
Үріп қарсы аласың көрсең мені.
Жақсы менен жайсаңға құрық салған
Ажал күтіп тұрса да күліп барған.
Ақынды, әлде жүрмісің кеме көріп,
Жағалауға қайырлап шығып қалған.
Қабағына боз қырау, мұз бөктеріп,
Суық күндер өтуде тізбектеліп.
Жарқын мезгіл туады,
Туады әлі,
Тәуеп етер ақынын іздеп келіп.
Дүйім елім дүркіреп кеңес құрар,
Жазған жырым –
Жайқалған белес, шынар.
Оны ұқпайтын тегінде,
Сен секілді
Жұрттың бәрі миғұла емес шығар.
Мұнара боп жүгірген қыр, белеңде
Қандай сенің ақын бар нұрлы өлеңде.
– Енді кімге күлеміз, – дейсің сыздап, –
Тесік қалта ақынға күлмегенде.
Ғұмыр кешкен жан едің бие сатып,
Сиыр сатып,
Шөп сатып,
Түйе сатып.
Күле берме ақынға,
Бір күндері
Жүрмесіне, кім кепіл, киесі атып.
Жүрегінде көктем боп жыр көктеген,
Кімдер келіп жалғанға, кім кетпеген.
Әкімді емес, шырағым, білсең егер,
Озық елдер ақынын құрметтеген.
Атсын, мейлі, атпасын күліп таңы,
Ардақтаған арым деп жыр ұққаны.
Ұмытпайды ақынын,
Ұмытса егер,
Онда елімнің өзін де ұмытқаны.