11.03.2022
  188


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЫРҒА ҚОССАМ ДА БҰЛ ҒАСЫРДЫ


Ала құйын дауылды, бұрқасынды
Жырға қанша қоссам да бұл ғасырды.
Мен кіретін есіктер тарс жабылып,
Сидыра алмай сарсылдым бір басымды.
Аш қасқырлар тобымен қасымда ұлып,
Сан шағылдым тау-тасқа басымды ұрып.
 Ашылсам деп өнерде жүрген кезде
Жіберіпті мені өмір ашындырып.
Арақ ішіп сандалып, жүріп қалып,
Түзелген де шығармын құрып барып.
Сорлағанда кездерім көп болды ғой,
Жаңқалардай жағаға шығып қалып.
Пайда жоғын сезгендер қашты ұғынып,
Жанарыма мөлтілдеп жас тығылып, –
Тас ғаламда тіршілік еткесін бе,
Қайда барсам жүргенім тасқа ұрынып.
Сірә, кісі болармын өнеге артқан,
Жамандықтың бәріне жебе тартқан.
Кейде өзімді кемеге ұқсатамын,
Қарсы жүзіп ағынға келе жатқан.





Пікір жазу