11.03.2022
  130


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚЫНДЫ АҚЫН ҚАЙРАҒАНДА

І
Билік тиіп итке де,
Құмайға да,
Шырайлана бере ме, шырайлана.
Ақын неге ұмыт боп қалады ылғи
Ауызына сөз салған Құдай ғана?
Сары майдан қыл тартқан ептілікпен,
Уақыт, шіркін, диірмен ерді үгіткен.
 Арғымақтай қалыпсың арып сен де,
Асыраған секілді елді үмітпен.
Атқа қонбай оу, ақын, жүрсің неге,
Бір басыңа жетерлік тектілікпен?
Алпысқа кеп алқынып қалдың ба, әлде
Қайда,
Қайда мінезің желді үркіткен?!
Шаң боратып жетсең де қайсы белден,
Мінез қайда адуын айшық өрген?
Мінез қайда сабаған прокурорды
Кісіліктің заңына қайшы келген?!
Жүрегіңде тым ерте кек түлеген,
Өрлік қайда?
Жоғалып кетті неден?
Тектілерді тілдеген хатшыны да,
Бөлмесінде сен едің тепкілеген.
Сені көрсе хатшының есі кетіп,
Ашушы еді құшағын есік етіп.
Өткір өлең сен едің сол кездегі
Жалғандықты зулаған тесіп өтіп.
Жанып жүрген кезіңде жете маздап,
Тас та тиген басыңа,
Шекеңе аздап.
Сен емес пе ғайыптың күшіменен
Аман қалған сотталып кете жаздап.
– Қырған! – деп те қазақтың көктем-елін,
Партияға есімде өтпегенің.
– Биіктерге мені ылғи жетелейді,
Аман болса, – дедің сен, – отты өлеңім.
 Аласа ойдың шыдамай күйігіне,
Көтерілдің алпыстың биігіне.
Арқыраған алпыс та ақ боз айғыр,
Жолатпаған қасқырды үйіріне.
Көтер, ақын!
Ауысып бара жатыр
Замананың салмағы иініңе.
ІІ
Нар халыққа ақыннан жақын бар ма?
Сен де ақынсың қара орман халқың барда.
Әкімдер көп,
Азамат аз заманда
Билік тимей оңбайды ел ақындарға.
Өз қағынған безінген құлан қашып,
Көз көрмеске жоғалған қыран да асып.
Елдің қамын ойлаған ақын болса,
Атқа неге қонбайды ұрандасып?
Ақындардың көзінде – бүкіл ғалам,
Жақсы, жаман...
Бәрі де тұр алмасып.
Алатаудан құт, бақыт – шынар қашып,
Қарлы шыңын үлгерген мұнар басып.
Нарық болып халқыңды қыспаққа алып,
Жылан көздер әлі де тұр арбасып.
Елдің қамын ойлаған ақын болса,
Атқа неге қонбайды ұрандасып?
Елің анау тотығып күн қақтаған,
Бастықтары – жолбике бұлғақтаған.
Бара қалсаң
Май балық секілденіп,
 Бірде-бірі ұстатпай сырғақтаған.
Аналарды ана деп айтамыз ба,
Едігедей еңіреп ұл таппаған.
Айналайын Алаштың азғаны ма,
Қала, дала...
Бәрін де жын қаптаған.
Өзің сынды ұландар болмаса егер,
Ұрыларды бүгінде кім таппаған?!
Неге бұған ар-намыс туламасын?
Сәуледейін сүйеген шыңға басын.
Ел торыған ұрылар тумай қайтсін,
Ел қорыған Махамбет тумағасын.
ІІІ
Ақын бар ма ел бұзып,
Шырықты алған,
Ақын – өзен емес пе тұнып барған.
Неге, ендеше, футболдың ойыншысы
Секілденіп алаңнан шығып қалған?!
Ескі үйлердей есігі құлыпталған,
Ақындардың кезі ме ұмыт қалған?!
Қазақстан – арналы өзен болса,
Сырып та алған байлығын,
Жырып та алған, –
Кілең бастық биікте сұрыпталған.
Көктем етпей көңілін,
Көрікті етпей,
Түнерген-ді қайта елге төніп көктей.
Басшыларда намыс жоқ,
 Күйзелгенде ел
Намыс болса жүр неге өліп кетпей?!
Солар үшін ұялып жүрсің сен де,
Солар үшін ұялып жүрмін мен де.
Екі бетің алаулап қарай бердің
Ұлы Алатау ақырын күрсінгенде.
Сыртқа шығар іштегі шердің бәрін
Қақ жарылмай тұрғанда тылсым кеуде.
Халқын, елін маңына жуытпаған,
Бастық бар ма қабағын суытпаған.
Ұмытса да ұлықтар,
Арлы ақынын
Ақылды елдер ешқашан ұмытпаған.
Сен де ғұмыр кешерсің ұмытылмай,
Мен де ғұмыр кешермін ұмытылмай.
Нар халықтың жұлдызы жанбас, бірақ,
Ақындардың алдымен күні тумай.





Пікір жазу