11.03.2022
  156


Автор: Рафаэль Ниязбек

РЕСЕЙ

Бұрынғыдай мықты емес кісенің де,
Қалжыраған қабаның, күзенің де.
Шілдің қиы секілді тоз болсаң да,
Нең бар, айтшы,
Оу, Ресей, кісі елінде?!
Өзге ұлыстар ат болса арқандалған,
Қазық сенсің құлаған жардан қалған.
Құрсаулаған мұз болсаң айдындарды,
Қалың мұзың сөгіліп талқандалған.
Құт-береке жоғалып бай далаңнан,
Достар қанша сусыған айналаңнан?
Жұртта қалып аңыраған әкедейсің,
Көремін деп жақсылық қай баламнан.
Ойлан, Ресей!
Ер боп та ту ұстаған,
Зауал туса тағынан кім ұшпаған.
Ат құйрығын кесісіп,
Ұлыс қанша
Аулақ салып іргесін жылыстаған?!
Мұнай үшін соғыспа сарқылатын,
Су үшін де суыспа тартылатын.
Өз елің мен жеріңде байлық қанша,
Бір басыңа жетіп те артылатын?
Көнсе – көнген шығар-ау зорлығыңа,
Бірақ енді төзбейді қорлығыңа.
 Кетем деме қыстырып кең даламды,
Шешен халқы симаған қолтығыңа.
Елім – егеулі найза егескенде,
Атойлаған қырдан да, белестен де.
Арғымақтың алқынған демі деп біл,
Алатаудан аңқылдап жел ескенде.
Бірге көріп талайын құрметтің де,
Өткелдерден өзіңмен бірге өттім де.
Сала берме мойныма күрме жіпті,
Шеті менен шегі бар күрмектің де.
Елімді әлі сұлтан боп басқармақсың,
Ұлтаның боп мен сонда жүрмекпін бе?
Жо-жоқ, Ресей!
Алжасып қара баспа,
Ішкі ісіне елімнің араласпа.
Бұрынғыдай сен мені керіп қойып,
Аса алмайсың асқақтап дар ағашқа.
Тұнығымды лайламай аулақ жүргін,
Өз билігім өзімде –
Дара жаста
Бәрі пісіп жетілген шара баста.
Түлкі құйрық өмірде бұлтаңы көп,
Қаршадайдан жетілген жұрт қамын жеп.
Өз елінің ұлтаны бола білген
Басқара да біледі сұлтаны боп.





Пікір жазу