11.03.2022
  133


Автор: Рафаэль Ниязбек

АУЫЛ ХАҚЫНДА

Өкіметтің көзі елге түзелгенде,
Ақ айдынға қайық сап жүзем мен де.
Шылбыр есіп, асылып өлген қанша
Құйрық, жалы ауылдың күзелгенде.
Билік көзін ақ борсық май басқанда,
Жұлдыз сөніп жоғалған айлы аспанда.
Ата қазақ ығысқан босағаға
Төріне кеп таршылық жайғасқанда.
Ауыл түгел тарығып, ашыққалы
Ыза-ашудан тулайды тасып қаны.
Таршылықта ұстай ма кім біледі,
Бұл өкімет қазақты жасытқалы.
Тауы қайтып, жігері шағылғанда,
Жұрттың бәрі баратын сағынғанда.
Қайран ауыл жатты ұшып жаңқаланып,
Жоқшылықтың “бомбасы” жарылғанда.
 Кісіліктің ақ туы құлағанда,
Үміт оты сөне ме бұл адамда.
Айдын қанша ауылда пайда болған
Көздің жасын көл етіп бұлғағанда.
Зауал туып, бораны бұрқағанда,
Азамат ер анадан тумаған ба.
Адам қалай сертінде тұрады, айтшы,
Өкіметі сертінде тұрмағанда.
Жоқтық қысып, тұманнан көз тұнғаны –
Менің ата жынымды қоздырғаны.
Неге ауылды тоздырды бұл өкімет
Жүрмесе егер қазақты тоздырғалы?!





Пікір жазу