СЫЙЛЫҚ АЛМАЙ КЕТКЕНДЕР
Уақыттың болса егер өліарасы,
Бір алқаның сен едің төрағасы.
Біреулерге сыйлығың дайын тұрса,
Біреулерге дайын тұр көр ағашы.
Өтіріктің семірген өрігіне,
Неге сенің қызығам өміріңе.
Сыйлығыңды берсең де, бермесең де,
Көлеңкеңді түсірме көңіліме.
Көктеп өсіп жайқалған дала, қырда
Дәннің бәрі нәр жиған сабағында.
Сыйлық алмай өмірден өткен жоқ па,
Ұлылардың бәрі де заманында.
Мен несіне, ендеше, мұңданамын,
Сарқылмасын қуаты жыр қаламның.
Қасиетпен өмірден өтсем деймін,
Қасіретін арқалап сұр ғаламның.
Жұрттың бәрі сыйлыққа таласқалы,
Аласарып барады дала асқары.
Көңілімнің дөнені тұр кісінеп,
Қамау тері алынып таңасқалы.
Жанарында тағдырдың бұлты өрілген,
Ақын қайда аузынан жыр төгілген.
Қасиеті қалмады сыйлықтың да,
Жатыр алып бұл күнде кім көрінген.
Күшті топтар жіберсін кімді ілгері,
Шындықтардың тұншығып тұр үндері.
Қорамсаққа қол салар ерлер жоқта,
Жарамсақтың бағы артқан бұл күндері.
Бәйге ала ма қойторы жалшы мінген,
Қай өңірдің аңы көп аңшы білген.
Сыйлық алмай кеткендер білсең егер,
Өр ақындар қоғамға қарсы жүрген.
*** *** ***
Жүрек отын бір-бірінің жаққанда,
Кісіліктің бағы артпай ма ақ таңда.
Қазақ ылғи неге үреді ит болып,
Ит болудан иттер қашып жатқанда.
Намыс жоқта қайда барып оңасың,
Үмітіңді үсік шалып тоңасың.
Ит болуға асыға ма бұл қазақ
Күзетпек боп ашық қалған қорасын.
Қатер болып төнетұғын көгінен,
Жат түстерді көрем ылғи төрінен.
Елді ішінен жүрген жоқ па ірітіп,
Қорасына кіріп кетіп көрінген.
Кейде ызалы сөз айтасың күйгеннен,
Кезін қашан көремін деп күйге енген.
Құлатады елді ішінен ірітіп,
Жаудың бәрі іштен шалып үйренген.
*** *** ***
Жұрттың бәрі бақ қуып бақта жүрген,
Екіталай күн туса сапқа кірген.
Ел қорыған Махамбет жоқ болғасын,
Ел торыған өңкей қу атқа мінген.
Жүрегімді әлі де мұңға малып,
Зұлым ойлар басында тұр қамалып.
Шаң боратып бұл қалай лайлағаның
Жатқанда өмір өзенім тулап ағып.
Ар жағына мұхиттың жиі аттанып,
Жүрген жанға ұқсайсың сый ақтарып.
Соңыңа ерген тобырды бөліп алсаң,
Туа ма Айың көгіңнен қияқтанып.
Өз алдыма жеке ел болсам дейсің,
Үй ішінен үй тіккен сияқтанып.
Саған, бәлкім, қарап тұр қайғы аларып,
Жем боларсың бөріге сайда қалып.
Орманынан бөлінген топ ағаштай,
Бөлінгенде оңасың қайда барып.
Ғасыр жүгін көтеріп кемеге артқан,
Қазақ зұлмат күштерге жебе тартқан.
Елдің арман, мүддесі бір емес пе,
Бір кеменің үстінде келе жатқан.
Танып әсте көрмеген өр пішінен
Азамат ер жасынан сөз түсінген.
Кім біледі...
Жарақты жау шығарсың
Өсіп шыққан қазақтың өз ішінен.
*** *** ***
Қазақ емес ноғайсың,
Әлдеқайдан қаңғып келген торайсың.
Кейде артыңа қарамай
Жақсыларға құм суырып борайсың.
Сасық иісі мүңкіген
Шошқа аралап, ит сарыған тоғайсың.
Оқымаған кітабың жоқ жалғанда,
Ұлылардың ойын ұрлап тонайсың.
Қор боп туған нағыз қордың өзісің,
Маталардың жыртыс болар бөзісің.
Қособада бұғып жатқан
Бекежандардың көзісің.
Жүрген қарау пішінде,
Бекежандық білсең әлі күшінде.
Албастыға шыға келдің айналып,
Бір албасты отырған соң ішіңде.
Ат жаратып даламда,
Күрес жүріп жатады ылғи санамда, –
Ел ішіне сен секілді кірмелер
Бүлік болып кіріп жатқан заманда.
Туған елдің бүтінделіп жыртығы,
Шыңға өрмелеп шықсын қалай шындығы,–
Мына қорқау қоғамның
Сен секілді тұрса оқтаулы мылтығы.