11.03.2022
  169


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТӨЛЕГЕНДЕР ӨЛГЕСІН...

Ақиқаттың сынған соң алдаспаны,
Көңілімнің зар шеккен арлы аспаны.
Туса анадан бір жақсы
Жағасына
Туады ма бір жаман жармасқалы.
Намысымды сен менің қамшылама,
Маза бергін жаныма – қаршығама.
Мен туғанда бір жаман тумаса егер
Әлі күнге менімен алыса ма?!
 Дау-дамайға қалмасын қайдан басы,
Ер жігіттің кіл дұшпан айналасы.
Құлагердей бір жүйрік туса егерде
Батыраштың қайралған айбалтасы.
Кеткен есе қай кезде өтеледі,
Қазақ қашан бір-бірін өр көреді.
Ұлы Абайға Оразбай болмаса егер
Ел ішінде кім қамшы көтереді.
Жаңа күннің көрініп белесінен,
Өткен күннің сыр тартам елесінен:
Бекежаны болмаса Төлегеннің
Бекежанның неге өлді жебесінен?!
Мына сұрқай заманда қайғы аларған,
Азамат ер бақ қуып қайда барған.
Төлегендер өлгесін қапылыста
Бекежандық ел ішін жайлап алған.





Пікір жазу