11.03.2022
  145


Автор: Рафаэль Ниязбек

БОЗІНГЕН ЕЛ

Өзімді өзім жаңадан түсінгенде,
Қақсам дейтін қаскөй көп тісімді елде.
Дір етемін оқыстан
Көңіліме
Көлеңкесін біреулер түсіргенде.
Жоқ-жітімге жүрсем де қарайласып,
Көз алдымнан бара ма арай қашып.
Буырқанған кезімде тулап аққан
Өмірімнің өзені талай тасып.
Ғұмыр кештім бір көктеп, бір қуарып,
Омырауымды көз жасым тұр суарып.
Алда-жалда ту болып желбіресем,
Төбесіне көтерсін кім қуанып.
Күнім ауып бесінге көлбегенде,
Не істеймін тағдырға көнбегенде.
Күбідейін қаңсыдым аңқам кеуіп,
Мейіріміне адамның шөлдегенде.
Туғасын ба баянды бақ сағынып,
Көңілімнен ақ сәуле жатты ағылып.
Өмір сүріп келемін
 Қалар деп те
Мені іздеген тірлікте жан табылып...
Қабағына,
Қасына мұз бөктеріп,
Күндер зулап өтуде тізбектеліп.
Бозінген ел сүйетін шығар, бәлкім,
Бір күндері ботасын іздеп келіп.





Пікір жазу