АҚШ-ҚА
Табылатын қасынан қысылғанның,
Баласына оқ атпа мұсылманның.
Иран елдің саулығын біліп қайт деп,
Көңілімнің құстарын ұшырғанмын.
Күмбірлетіп күй шерткен күрең күнде,
Жұрттың бәрі күн кешсін жыр елінде.
Көшесінде Иранның оқ атылып,
Сызат қалып жүрмесін жүрегінде.
Қараулықты қатерлі жүйе көрме,
Көрінгенге жұдырық түйе берме.
Киесіне қаларсың бір күндері,
Соғыс ашып, оқ атпа киелі елге.
Татулықтың кемесін күйреткелі,
Өртенуде өмірдің жиі өткелі.
Тіршілікте жаралған жауыз қанша,
Тіршілікті шашынан сүйреткелі.
Жұмыр жердің көгінде күн күлгелі,
Дүниені туған көп бүлдіргелі.
Күні кеше Балқанды талқандаса,
Талқандамақ Иранды бұл күндері.
Шаң бораған жылдардың кезеңінен,
Келер күннің сұмдығын сеземін мен.
Жер бетінде тіршілік қалады ма,
Жұрттың бәрін жойса егер кезегімен.
Асқақ рухы тұрса да Айдан асып,
Елдер ғұмыр кешуде тайталасып.
Бірігіңдер жаһанның халықтары
Қанды қырғын соғысқа майдан ашып.