КӨКЖИЕКТЕН КҮН КӨЗІ КӨРІНГЕНДЕ
Бауыр сыздап, қалжырап ауырғалы
Тұман жайлап тұрғандай тауымды әлі.
Жол тоздырған тұяқтай көп жұқардым,
Көңілімнің бұрқамай дауылды әні.
Тал бойыма құйғанда күн қуатын,
Жүрегімнен бұрқырап жыр туатын.
Бауырымды іріткен іркіттейін,
Күн туа ма сырқаттан құтылатын.
Жас күнімде бақ қусам дүркін белде,
Бауыр сыздап, ағысым іркілді елде.
Қорқам кейде ыдырап кете ме деп,
Бір жанартау кеудемде сілкінгенде.
Кейде өмірден баз кешіп түңілгенде,
Туламайды қан қызып дүбірлі елде.
Ертелі-кеш үйімде жатам шықпай
Қай мұратқа жетем деп жүгіргенде.
Тағдыр солай қабағын суытқаны –
Жүрген жоқ па бөрідей ұлытқалы.
Қарқаралы басымнан бұлт кетпеді,
Күлкім менің өзімді ұмытқалы.
Арманымның көбесі сөгілгенде,
Суық тартып үлгерген көңіл демде.
Тірі екенмін деп тұрам,
Ертеңгісін
Көкжиектен күн көзі көрінгенде.