11.03.2022
  173


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАРЫН ЫЛҒИ СЕЗІНЕМ БІР ҚАУІПТІҢ


Шабыт құсын кеудеме түлеткелі,
Өткел беріп өмірдің тұр өткелі.
Мүмкін туған шығармын мен анамнан
Еңселі елдің жүрегім жыр еткелі.
Төрге шығып, кез емес жайланатын,
Күндер қайда ақ нұрға айналатын.
Арлы ақындар ығысып,
Заман туған
Парламентке перілер сайланатын.
Семсер болып тағылып сері еліме.
Кісі бар ма бойлаған тереңіме.
Момын халқын жылатып, зарлатқалы
Безбүйректер билікке келеді ме?!
Қарып тұр-ау заманның суықтары,
Шуақ есе қоймайды жуықта әлі.
Туған елдің шайқалып шаңырағы,
Сықырлайды кей-кейде уықтары.
Мұң шағам деп ойлама назаланып,
Түрмеде азап шегесің жазаланып.
Қараулықты жеңе алмай бұл күндері
Ақиқаттың жидіген шашы ағарып.
Сұсты қабақ жүзінен жел жасқанған,
Кілең дүлей бұл күнде ел басқарған.
 Халық мұңын жоқтаған ер шықса егер,
Оқ атылып тасадан жер жастанған.
Жүгіргенде жетелеп зырлауық күн,
Көрді дейсің қызығын кім сауыттың.
Өз елімде жүрсем де тірлік етіп,
Барын ылғи сезінем бір қауіптің.





Пікір жазу