АСАНБАЙ АСҚАРОВТЫҢ РУХЫНА
Арман қуған, бақ қуған келбетті елде,
Ат үстінен көріндің ержеткенде.
Алатаудай азамат болсын деген
Бесігіңді Қыдыр кеп тербеткенде.
Аққу арман қаққанда ақ қанатын,
Жұрттың бәрі өзіңнен бақ табатын.
Алты алаштың абызы ең
Сөйлегенде
Кеудесінен дария ақтаратын.
Зауал туса жылғада қайғы ағатын,
Сен емес пе семсер боп қайралатын.
Көзің тірі кезінде қайран аға,
Көңілімнің орманы жайқалатын.
Сардар ері сен едің сахараның,
Күйін кештің жаралы шағаланың.
Тас түрменің ішіне тыққан жоқ па,
Аңшылары сізді аулап замананың.
Көкірегіңнен ызалы жыр атылып,
Тас еденде жатсаң да бұратылып, –
Диірмені заманның тартылғанда
Құм кесектей кетпедің уатылып.
Құрбандыққа үйренген қара шалып,
Азаматтың сойы едің даласы алып.
Алатауы бар жандар кеудесінде
Көрген емес ешқашан аласарып.
Самал есіп төріңнен, өріңнен де,
Ғұмыр кештің бақ қуып көңілді елде.
Сенсің бе, аға, деп қалам
Бір ақ сәуле
Алатаудың басынан көрінгенде.
Жанарыңа ақ мұнар мұң байланып,
Бір төбені жастандың тулай барып.
Өлді деуге бола ма аға, сізді,
Мүмкін кеткен шығарсың нұрға айналып.