11.03.2022
  168


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТҮРМЕСІНЕ КӘПІРДІҢ НҮКТЕ ҚОЙҒАН


Жалтақтамай күн кешкен ер пішінде,
Өзің едің жемісім, жеңісім де.
Тозағынан Мәскеудің аман келіп,
Сүріндің-ау Құдайдың тегісінде.
Димаш кеткен ізбенен сен де кеттің,
Жалғызсырап жүре алмай ел ішінде.
Тозған тобыр сен жайлы не біледі?
Жоқтағанда жас төгіп егіледі.
Сенің ыстық айналып құшағыңа,
Көк аспанда құс жолы керіледі.
Төрт жарым жыл Мәскеумен
жеке алысқан
Ар-намысың әлі де тебінеді.
Қан жоса ғып талатқан бүргесіне,
Азап қанша түсетін күнде есіңе.
Соңғы қазақ сен едің,
Динозавр –
Тас қоғамның қамалған түрмесіне.
Арылмаған аспаны қалың бұлттан,
Уақыт бар ма жұртымның зарын ұққан.
Өзің едің алғашқы азамат ер
Абақтысын Мәскеудің жарып шыққан.
Қайнар бұлақ секілді шымырлаған,
Тыныштығын елімнің кім ұрлаған?
Түрмелердің есігі ашылса егер,
Қазақ қайда қашса да құтылмаған.
 Асан аға, алғашқы нар қазақсың
Аждаһаға жем болып жұтылмаған.
Тарғыл мысық секілді сүтке тойған,
Мәскеу қайдан шығады күткен ойдан.
Асан аға, сені елің ұмытпайды,
Түрмесіне кәпірдің нүкте қойған.





Пікір жазу