БІЗ – АЛЫППЫЗ
Біз – алыппыз,
Өзімізді өзіміз
Жаңа ғана таныппыз.
Сөнер кезде – сөнбей қап,
Жанбас кезде – жаныппыз.
Махамбеттің Басы еді –
Жұмыр басы қазақтың,
Шабылғанда бассыз қалған халықпыз.
Елім бұрын Басқа ғана табынған,
Кейін басы жұлынып,
Ақыл-ойдан жаңылған.
Басы бар болса қазақтың
Хан Кененің Басы неге шабылған?!
Содан бері өткен талай заманда
Мыңдап Бастар қағылған.
Денесінен бөлініп,
Қара жерге көмілген
Бастар қанша табылған...
Біз – алыппыз,
Түзде –
Сыпырылған жыланнан
Қаудыраған қабықпыз.
Жау кезіксе атынан
Түсіре алмаймыз анық – біз.
Үйде –
Лапылдатып жантақ жаққандай
Бір-бір алау жарықпыз.
Димаш – даңғыл жолы еді ғой қазақтың.
Жолы еді ғой Шындықтың
Ол өлгенде жолсыз қалған халықпыз.
Бір қырқадан үлгергенде жаңа асып,
Нарық, қазақ кете алмады жарасып.
Димаш жолы –
қиратылып қастықпен,
Жол таба алмай жүрміз әлі адасып...
Біз – алыппыз,
Ойрандардан талай аман қалыппыз,
Аман қалып,
Талай сайран салыппыз.
Асқаровтың кім екенін Мәскеудің
Түрмесінде таныппыз.
Қолдап тығып тамұққа
Жарқылдатып қылыштай
Қайта суырып алыппыз.
Ерте туып анадан
Кеш ойлайтын халықпыз.
...Біз – алыппыз.