11.03.2022
  209


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛ ҚОРҒАЙТЫН ЕР ЖІГІТ

Мына қарау қоғамда құрамалы,
Ақиқаттың тартылып тұр Аралы.
Азаттықтың арайлы таңы атса да,
Дүниенің көзінде мұң бар әлі.
Тереңімді біреулер қозғағанда,
Дауыл болып бұрқаймын боз даламда.
Бозінген ел неліктен жұбатпайды,
Менің бота көңілім боздағанда.
 Құлындары кісінеп желісінде,
Кім жүреді найқалып ер пішінде, –
Жалдамалы оқтардан жатқанда өліп,
Ел қорғайтын ер жігіт ел ішінде.
Жақсылығы көрмеген елге тарап,
Кімді арқа тұтасың ерге балап.
Жау басынбай қайтеді,
Сөйлесе егер
Ел қорғайтын ер жігіт жерге қарап.
Күнім менің өрмелеп жар басына,
Қалай салам тағдырды жамбасыма, –
Ел қорғайтын ер жігіт жүрсе егерде,
Күнкөрістің жегіліп арбасына.
Көздеріне көк мұнар мұң байланып,
Мұндай шақта отырсын кім жайланып.
Елімді кім қорғайды,
Жүрсе егерде,
Ел қорғайтын ер жігіт құлға айналып.
*** *** ***
Сезіп келем мені елім түлеткелі,
Мына қауырт заманның күні өтпелі.
Көңілімнің көпірі бұзылса да,
Өмірімнің ашылып тұр өткелі.
Көз алдымнан жөңкіліп сағым қашқан,
Күндер қайда күркіреп бағымды ашқан.
Бір ақ дауыл кеудемнен көтеріліп,
Найзағайдан жай тартып жалын шашқан.
 Тамырымда бұлқынып жатқан ағын,
Неге елесін түксиген жат қабағын.
Жүрегімді түсінгің келсе егерде,
Ашып оқы жанымның ақ парағын.
Тал бойыма шымырлап нұр сіңгенде,
Күмбірлейді күй тартып тылсым кеуде.
Жетем ылғи кеудеме күн қондырып,
Туған елім қайғы ойлап күрсінгенде.
Асқар таулар алыстан мұнартқалы,
Жүрген қанша туымды құлатқалы.
Бозінген ел боздаса алда-жалда
Мүмкін туған шығармын жұбатқалы.
*** *** ***
Туған жердің өр кеуде өңірінде,
Зауал бар ма көрмеген өмірімде.
Көзі күліп тұратын кісілердің
Көктем күліп тұра ма көңілінде.
Дүниенің тұрғанда сәні кірмей,
Адамдардың томсарған жаны күлмей.
Ұлтқа тұтқа болатын азамат па,
Ат үстінде жүргеннің бәрі бірдей.
Зұлымдықтың көзіне сан атылған,
Ақиқаттан жан бар ма жаратылған.
Бәрі бірдей ақ жүрек азамат па,
Сөйлегеннің бәрі де Ар атынан.
Елдің неге тірлікте бағы төмен,
Тізгін ұстар жоқ па әлі жалынды өрен.
 – Халқым! – деп сөйлегеннің бәрі бірдей,
Азамат па халықтың қамын жеген.
Қыран көп те ұша алмай жерге қонған,
Көкірегі елдің де шерге толған.
Сапқа тұрған сарбаздың бәрі бірдей
Көзсіз батыр ерлер ме елге қорған.
Ажал оғын төбеден жаудырғалы,
Көз алартып қарайды жаудың бәрі.
Елім азып бара ма кім біледі,
Азаматтар азайып тау тұлғалы.





Пікір жазу