
ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ
Ақын Нұрлан Оразалинге
Тамырыңда бұлқынып жыр аққалы,
Жүрген қанша туыңды құлатқалы.
Бабалардың өр рухын бойға жиған
Бірақ сенің жүрегің қуатты әлі.
Жылғаларды көргенде жылап аққан,
Кезің сенің аз емес мұңға батқан.
Жетісудың жеті өзені шығар, бәлкім,
Буырқанып кеудеңде тулап жатқан.
Күмбірлетіп күй шертіп күрең күнде,
Бақ қумаған жан бар ма жыр елінде.
Тулап сенің тереңің жатар ма еді,
Бір тереңдік болмаса жүрегіңде.
Таулар асқақ тұрмай ма шыңы барда,
Нұрлы жандар туады нұрлы таңда.
Көк бөріге айналып сен кетесің,
Көк бөрі жыр кеудеңде ұлығанда.
Тасқындаған бойыңда өлең селі,
Ақын барда таулар да өр еңселі.
Көк аспанға қарасам
Жарқыраған
Жұлдыздардың ішінен көрем сені.
Болашақты бетке алып, төте жүрген
Ақындардың көзінде от өрілген.
Жарық жұлдыз шығарсың кім біледі,
Хантәңірдің басынан көтерілген.