ЕЛ БОЛЫП ҚОЛДА ҰЛЫҢДЫ
“Ұлым!” дейтін халық болмаса,
“Халқым!” дейтін ұл қайдан болсын.
А.Байтұрсынов.
Айы көктен туғанда қияқтанып,
Бақ іздеген жұрт қанша жиі аттанып.
Жалмамбеттің күн кешкен үш баласы,
Бір ошақтың үш бұты сияқтанып.
Туған елде жақсылық желі тартып,
Азаматын көтерген сенім артып.
Қара ошақтың үш бұты мықты болса,
Төңкермеген қазанын жел құлатып.
Ғұмыр кешкен үш бала білікті елде,
Ірі күшке айналған біріккенде.
Ей, ағайын, шынында не түседі,
Жұртты аздырып ішінен іріткенде.
Нұрын құйып тұрғанда жаңбырлы аспан,
Ел басқарсын ер жігіт ақылы асқан.
Найзағайдан жүрегі зарядталып,
Бағаналы жұртының бағын ашқан.
Атқа мінсе Таластың бел баласы,
Қуанбай ма алаштың кең даласы.
Батырбекке, ағайын, дауыс бергін,
Дауыс бергін тұғырлы ел ағасы.
Биігіне ұшырып түлеткелі,
Сөзін сөйлеп келеді жүректі елі.
Көңілінде күн күлген бұл азамат
Туған елдің көгілдір бір көктемі.
Тасқындаған қуаты екпінге еніп,
Жүрген марғау өмірге серпін беріп,
Батырбектің кезі жоқ солқылдаған
Сазға біткен сары ағаш секілденіп.
Қилы-қилы өткелден өткен талай,
Қара күзге айналсын көктем қалай.
Батырбек кеп ауданды басқарғанда,
Көрікті көш жол тартқан көкке қарай.
Байтақ дала өңірі шуақтанып,
Туған елдің үміті тұр ақталып.
Қаратаудың жүрегі қайта соққан
Батырбектен қан тарап қуаттанып.
Жаралғасын сомдалып тұғыры Айдан,
Өмір деген бітпейтін ұлы майдан.
Халық болып: “Ұлым!” деп қолдамасаң,
Атқа қонсын: “Халқым!” деп ұлың қайдан.