10.03.2022
  161


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҒА ЖАЙЛЫ ЖЫР

Уақыттың көзінде оты өріліп,
Арманына жеткен көп төте жүріп.
Найзағайдай жай тартып тұрсың ба, аға,
Сеңгіріне сексеннің көтеріліп.
Көрді қашан алдыңда бақ тарынып,
Көңіліңнің шуағы жатты ағылып.
Буырқанып мұхитқа құйып жатыр
Көкірегіңнен дария ақтарылып.
Қанатыңды жайғанда қырға қарай,
Көтермесін сізді өмір шыңға қалай.
Мықтыларға иілмей бұтақтары
Түзу өскен сен едің бір қарағай.
Кеме жүзген айдынға нұры тұнған,
Ел ішінде жан бар ма ұмытылған.
Сізді көрсем көзіме елестейді
Ақ арғымақ таңасып суытылған.
Мына марғау тірлікке серпін беріп,
Жайқалғанда орманы ел гүлденіп, –
Аға, кейде көзіме елестейсің
Алатаудың ақ шыңы секілденіп.
Ірі неге болмасын даласы алып,
Жүректерге көрмедің жара салып.
Сеңгірінен сексеннің қарағанда
Дүр дүние тұрады-ау аласарып.
 Білесің желдің қайдан соғатынын,
Білесің бақтың қайда қонатынын.
Қырандардың дәлелдеп самғай бергін
Қартайғанда қауымды болатынын.





Пікір жазу