10.03.2022
  228


Автор: Рафаэль Ниязбек

БӨЛТІРІК ШЕШЕН ЕСКЕРТКІШІ

Хан Кененің үстіне төте кірген,
Шешен едің даусынан от өрілген.
Қаратаудың қуатын бойға жиып,
Бақанаста тас тұлғаң көтерілген.
 Ескерткішің тұр, міне, өр еңселі,
Ғасырлардың көзінен көрем сені.
Рухың сенің қолдаған шығар, бәлкім,
Қабырғалы қазақтың көгерсе елі.
Жолбарыстың жаралып жүрегінен,
Кісінетіп сен едің күрең мінген.
Туған елдің егеулі найзасы едің,
Егескеннің етегін түре білген.
Тулағанда бұрқанып намыс қанда,
Айға шапқан сен едің арыстан да.
Шу бойында жұлынын үзген едің
Жолбарыспен жеке өзің алысқанда.
Ұранына айналып көшелі елдің,
Замандардан заманға көше бердің.
Дау туғанда сөз бастап,
Жау төнгенде
Қол бастаған бірі едің көсем ердің.
Тал бойында жеті өзен тулап ағып,
Құйып жатқан секілді қырға барып.
Сөйлеп кеткің кеп тұрма қайран баба,
Жүрегіңді толқыған нұрға малып.
Нұрын жерге ағындап төккенде арай,
Көктемесін кеудеңде көктем қалай.
Өсіп бара жатқандай сезіледі
Ескерткішің қол созып көкке қарай.





Пікір жазу