10.03.2022
  153


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАС КЕТЕТІН ТҰСТАР ДА...

Жасырған уын жағына,
Дұшпан көп туған бағыма.
Талқандалып кете жаздағам,
Бағынбай тағдыр заңына.
Айналып достар қасыма,
Қатер көп төнген басыма.
Тартылып кете жаздағам,
Уақыттың диірмен тасына.
Ән шырқап ауыл кешінде,
Өскенмін балғын сезімде.
Жоғалып кете жаздағам,
Жоқ іздеп жүрген кезімде.
Жарық дүние жалғанда,
Кеткендер көп-ау арманда.
Басылып қала жаздағам,
Басыма бейнет салғанда.
Дамылдап жасыл белеңге,
Жыр арнап жазам мен елге...
Түбіне бата жаздағам,
Сүңгіген кезде тереңге.
Демімді ішке жұтқанда,
Жай тартам бура бұлттан да.
Биіктен құлай жаздағам,
Басына өрлеп шыққанда.
 Өмірде талай ұтылғам,
Бөздейін боздап жыртылғам.
Бас кететін тұстар да,
Шашымды беріп құтылғам.





Пікір жазу