АСАУ АҚЫН
Көктем болып жүгірген жиі еліне,
Қолға қалам ұстаған киелі ме.
Қарабайыр жыр жазып атақ алған
Сөз сіңбеген ақын көп сүйегіне.
Шындықтардың сорғалап қаны тамған,
Біздің елде солардың бағы жанған.
Асау ақын қор болған шетке ығысып,
Тас құрсағын тағдырдың жарып алған.
Құлагері кісінеп құлындаған,
Ақиқаттан бұл қоғам құрылмаған.
Асау ақын қалыпқа сыймағасын,
Халыққа да сыйдырмай қуғындаған.
Қалам тербеп, өмірдің көркін ашқан,
Ақын сосын арақпен өртін басқан.
Найзағайдың қамшысы осқылаған
Сірә, талант болғасын көңілі – аспан.
Тамырында асау қан ағындаған,
Ақын бар ма бақ іздеп сабылмаған.
Өзгертуді ойлайды бұл қоғамды
Тіршіліктің заңына бағынбаған.
Жалғандықтың жасқанбай бұлтын тілген,
Ақын барда ел ішін кім бүлдірген.
Өзі сыймай жүрсе де дүниеге,
Дүниені жырымен сілкіндірген.