10.03.2022
174
БАРА ҚАЛСАМ АУЫЛҒА
Ауылыма көп болды бармағалы,
Жұлдызымның сонан ба жанбағаны.
Алматыдан шыққанды қойдым білем,
Өмірімді өлеңге арнағалы.
Ауыл еді мал баққан қырға барып,
Тұрған шығар кірпігін мұңға малып.
Бұрындары бұғынып отыратын
Қызыл құммен іргесін қымтап алып.
Көшесінде құтырып құм бораған
Ақ кебінге ауылды тірі ораған.
Қуанышын өңінен жұлып алып,
Түн жамылып қызығын кім тонаған.
Жер бетінен ар-ұят жоғалғалы,
Қыршыннан қиылған көп арманы.
Ауыл жүдеп барады күннен күнге,
Тіршіліктің арбасын доғарғалы.
Бара қалсаң ауылға бұл күндері,
Соғады алдан азынап қырдың желі.
Бір жылға азық болар деп кім ойлаған
Ауылымның жадырап бір күлгені.
Дүрлігеді көңілдің құсы неге,
Серттен тайған жандарды кісі деме.
Бара қалсам ауылға кейінгілер
Қарттарымдай жанымды түсіне ме?!