10.03.2022
  195


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЙ, АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ!

Рухы бірге көктеген көгерсе елі,
Ей, алаштың баласы өр еңселі.
Қилы-қилы заманнан жетсең де аман
Ақ семсердің жүзінен көрем сені.
Сөйлесең де өр кеуде өрелі үнде,
Семсер ізі қаншама көк етіңде.
 Ей, алаштың баласы, әлі күнге
Тұрғаныңды ұмытпа оқ өтінде.
Толқындарын қозыдай жамыратпай,
Көкірегіңнен неге өзен жатыр ақпай.
Суық желдің өтінде қалып қойып,
Қалтыраған кезің көп жапырақтай.
Қаптап жүрген кезінде сұр жыланның,
Қасиеті арта ма құр ұранның.
Ей, алаштың баласы, ұмытпағын
Саған қарап тұрғанын зымыранның.
Қанша ғұмыр кешсең де арандамай,
Қасқыр тістер тұра ма жалаңдамай.
Ей, алаштың баласы, тұрған жоқ па
Оқтың бәрі ұшқалы саған қарай.
Шырқалғанда өмірдің тылсым әні,
Көңіліңнен сөнбесін нұр шуағы.
Ей, алаштың баласы, қалт-құлт етіп,
Қылкөпірдің үстінде тұрсың әлі.
Жаратса егер жүрегін ақын етіп,
Кімнің туы жығылсын бағы кетіп.
Ата рухың асқақтап тұрады әлі,
Қылкөпірден аман-сау тағы да өтіп.
*** *** ***
Шаң боратып өзгенің жемісіне,
Сыймай жүрген жан қанша терісіне.
Жүргенімде Алланың ақ жолымен
Қуғындады сыйдырмай ел ішіне.
 Қараулықтың жолына түскенімде,
Қыңсылаған қаншық боп сұсты өмір де.
Жұрттың бәрі алдымда құрақ ұшып,
Мені жырлап сайраған құс көгімде.
Жоғалғасын ар-ұят жер бетінен,
Айырылған ел түгел келбетінен.
Адалдықтың бесігі сындырылды,
Айлы аспанның астында тербетілген.
Мына опасыз жалғаннан түңілгенде,
Ауыртпалық салмақтан бүгілді ел де.
Кең дүние қаптаған жын ұясы –
Ақиқаттың көзімен үңілгенде.
Кімнің жарқын жүзіне жел тимеген,
Қайғы бар ма шекпен ғып ел кимеген.
Жүзі қара Қараулық билік құрып,
Адалдықты балшықтай жерге илеген.
Қара жойқын тасқыннан жүзіп өтіп,
Тас қоғамды көркейтсін кім түзетіп.
Адалдықтың үні өшіп бұл күндері
Қараулықтың есігін тұр күзетіп.





Пікір жазу