10.03.2022
  205


Автор: Рафаэль Ниязбек

ДҮНИЕНІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Тіршіліктің сүт саулап анарынан,
Өмір көктеп тұрғанда балағынан, –
Көңілімді кей-кейде мұңға орайды,
Дүниенің жас тамып жанарынан.
Дүниенің көзінен жас аққанда,
Кешпеймін деп ойлама азапты алда.
Көңілімнің көп сынған терезесі
Жауыз қолдар жасанып тас атқанда.
Неге елімде ар-ұят ұмытылған,
Күндер қайда көзіме нұры тұнған?
Дүниенің жанары мұңданғанда,
Көңілімнің көгінде күн тұтылған.
Мына мисыз қоғамда басы қатқан,
Күндер қайда көзінен жасын атқан?
Дүниенің көз жасы шығар, бәлкім,
Өзендердің барлығы тасып аққан.
Жұрттың бәрі бұл күнде қырға ағылып,
Шындық іздеп,
Бақ қуып жүр сабылып.
Көңілімнің қайтейін жылағанын
Дүние әлі көз жасқа тұр малынып.
Күн көзінен тұрса да нұр ағылып,
Көңілімнен көрді ме мұң арылып.
Дүние көктеп тұрғандай сезіледі,
Көз жасына өзінің суарылып.





Пікір жазу