10.03.2022
  184


Автор: Рафаэль Ниязбек

БОЛАШАҚҚА ҮҢІЛЕМ

Қабырғалы елімді көбісі ұғып,
Жарық әлем келеді төр ұсынып.
Менің сардар жүрегім сескене ме,
Жалғандықтың тұрса да бөрісі ұлып.
 Маңайына баянды бақ таратып,
Елдер қанша гүлденген ақ таңы атып.
Ата қазақ азаттық алған еді,
Дүниені өзіне жалт қаратып.
Анам мені туса егер Айға асылып,
Жетсін қалай жеріме қайғы асығып.
Туған елдің кеудесі күйге толған
Жұмақтардың есігі қайта ашылып.
Саумалымды біреулер іріткенде,
Арынымды кім менің ірікті елде.
Алтын тулы неге елге айналмаймын
Алты тулы алты алаш біріккенде.
Күн күркіреп, көгінде шатырлаған,
Қызығымды менің де жат ұрлаған.
Қараулықтың төбесі көрінгенде,
Шындығымның шынысы шатынаған.
Қанатымды жайғанда өрге керіп,
Туған елім жайғасқан төрге келіп.
Ұшып бара жатады болашаққа
Жанарымда дүние дөңгеленіп.
Найзағайлар ойнаса төбемде көп,
Қажығанда жүгінем өлеңге кеп.
Болашақтың көзіне үңілемін
Туған елді төрінен көрем бе деп.





Пікір жазу