![](/uploads/shorttexts/author_image/rafaehl-niyazbekov.jpg)
БАҚТАЛАСЫНДА СУЫРЫЛҒАН ҚОЙЫН ДӘПТЕР
– Халқым! – деді,
көз алды тұмандана,
Қойын дәптер суырған жуан қара. –
Туған дала өзіңсің, туған ана.
Дауыс берсең – көгертем,
онда сендер
Күн кешесің ұқсамай дуанаға.
Тағы бірі:
– Халқым! – деп шіңкілдеген,
Қадіріңді сендердің кім білмеген.
( Қойын дәптер оның да суырғаны)
Даусыңды бер,
не керек күңкілдеген,
Кенелтемін ақ майға кілкілдеген.
“Халқым!”– десе жіби ме, кім біледі,
Көтерілген мінбеге тілгір еді.
Майдалап кеп сөз соңын бір-ақ түйген:
– Көзімде – күн,
күлсе егер шын күледі,
Дауыс берсең
сендерге байлық тасып,
Құрақ ұшып алдыңда шың жүреді.
– Халқым! – деді бір дауыс күркіреген,
Менен өзге сендерді кім тілеген?
Бастарыңа орнатам алтын заман
Қыдыр қонып,
Бақ дарып,
Күн түнеген.
Дауыс бергін тек маған
имандай сен,
Тау шайқалып даусымнан, қыр түлеген.
Тік көтеріп көрмеген туын да әлі,
Уақыттың – бәрі де шуылдағы.
Сөйлегенде жұлқынып
қойын дәптер
Семсер етіп қынаптан суырғаны.
Өтпесін деп сайлауда жат баласы,
Қазақтардың басталған бақталасы.
Алды барып түрмеге түсіп жатты
Тексерілмей тірлікте ақ, қарасы.
Сөйлегеннің жолы боп кім ұтымды,
Сайлау бітті...
озғанның күні туды.
– Халқым! – деген содан соң үн де естілмей,
Қалды бәрі жайына...
ұмытылды.
Арман шаршап,
бұл күні үміт талған,
Тығырықтан шығандап кім құтқарған?
Қойын дәптер секілді қара халық
Жай күндері тартпада ұмыт қалған.