10.03.2022
  140


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАСЫМ – АЛЫП КОМБИНАТ

Ақ бұлттар мен қара бұлт қайшыласқан,
Кісінеген төбемде айғыр-аспан.
Қуаныш боп, (сонан ба?) жеткім келіп,
Тұрады ылғи елдерге қайғы ұласқан.
Азамат ер болғасын ана туған,
Шомылдырып бетімді дала жуған.
Әке көрген өткірлеп оқ жонса егер,
Ата жолын қашанда бала қуған.
Астаң-кестең жер-көкті майдандатқан,
Соқпай, сірә, тұра ма қайдан да ақпан?
Басым – алып комбинат
Не сұмдықтар
Бұрқ-сарқ сақылдап қайнап жатқан.
 Қоғам таза айықпай тұманынан,
Күн туа ма көздерден мұң арылған?
Қорытылған басымда құрыш ойлар
Көз жасыма қылыштай суарылған.
Күдік қанша басымда қылаң берген,
Бірін – қыран, біреуді жылан көрген?
Сондай сәтте бұл өмір секілді бір
Тіршілікті көздеген Құла мерген.
Түре қумай бұлттарды көгімдегі,
Күдік, кірбің ашылмас көңілдегі.
Басымда да соғысып жатыр менің
Жақсылық пен Жамандық өмірдегі.





Пікір жазу