БІР ЖЕРЛЕСІМЕ
Сен де мені қасиет, кие көрме,
Қытығыма бірақ та тие берме.
Құмырсқадай таптаймын деп ойлама,
Ел тізгіні тигесін түйелерге.
Менен өзге кімің бар іштеріңде,
Жүйелі сөз арнаған жүйелі елге?
Күнім бар ма жүрмеген алау жұтпай,
Неге мені шағасың қарақұрттай?
Жазбасаң да ауырған жүрегімді,
Ең болмаса жүрсеңші жан ауыртпай.
Бір жақсылық таппаған жерден, көктен
Суықпысың ызғарлы желден де өткен.
Сен секілді иттердің кесірінен
Бөлтірік те өкпелеп елден кеткен.
Алатаудың айналып тұлғасына,
Тірі жүрсем шығады кім басыма?
Болашақта кім кепіл,
Мына менің
Туған елдің туы боп тұрмасыма?
Болашаққа,
Ертеңге сенемін мен,
Қорықпаймын өкірген мен өлімнен.
Жәңгір ханның тепкісі секілденіп,
Айыратын сен емес мені елімнен.
Жусанды елде,
Өскесін жуалы елде,
Қызық қуғам,
Қыз қуғам құба белде.
Мені елімнен ажал да айыра алмас,
Өлсем – жатам тыныстап туған жерде.