
БҰРЫНҒЫДАЙ ЕЛ ҚАЙДА?
Заман мынау тақырлап қыраулатқан,
Күрк-күрк жөтеліп тұмауратқан.
Аруана – Дүние ыңыранады,
Тақымына сом білек бұрау батқан.
Өкімет те – сұм бала
сабап-сабап,
Күлге аунатқан әкесін, құмға аунатқан.
Жанарыңда қайғы мен мұң алмасып,
Тұрған жоқ па далаңды тұман басып?
Елдің ішін барады жылан жайлап,
Безінгесін қағынан құлан қашып.
Құлан қашып қағынан жерінгенде,
Сен де безгің келеді еліңнен де.
Неге, ендеше, намысы оянбайды,
Тамырында асау қан тебінгенде?!
Мұхит өлмес, алайда, теңіз өлмей,
Кім түзелсін алдымен ел түзелмей?
Ер-тұрманы түп -түгел бүтінделіп,
Жүрді қашан аман-сау ер күзелмей?
Төске салып түзеткен шегедейін,
Кім түзелсін алдымен ел түзелмей?
Ел болдық-ау, қайтейін, түзелмеген,
Жал-құйрығың қалды ма күзелмеген.
Алты қырдан алысты түк көрмейсің,
Ақылыңды кім сенің кісендеген?!
Буырқанбай, от шайнап, жалын кешпей,
Ер жігіттің жүрсің бе бағын кеспей?
Тәуелсіз ел болсақ та,
Ендеше, айтшы,
Залым неге өседі ғалым өспей?!
Зауал туса шамдары сығырайған,
Бұрынғыдай ел қайда нұрын жайған?
Жөнге көнбей барасың қайда тартып,
Қисық ағаш секілді қыңырайған?
Жат жұрағат мысықтай бас салмасын,
Оғын сақтап ішіне тымырайған.