ЕСКЕРТКІШ ЖӘНЕ ӘЙЕЛ
Туып, өсіп жетілген бұрқасында,
Ақын еді туатын бір ғасырда.
Ескерткішін әйелі жуып жатты,
Айбын сұспен сомдалған қыр басында.
Орамалмен сүртеді суға малып,
Ескерткішті алдында тұрған алып.
Сенейін бе, беу, дәурен, сенбейін бе?
Тұрды сол сәт көзімде мұң қамалып.
Тірісінде арқасын бір ыспаған,
Әйел еді қабағы құрыстаған.
Қайдан жетсін ақынның қадіріне
Семсер-жырмен жалғанды қылыштаған.
Айтсам егер шындықты арды аттамай,
Тура қарап көзіне жалтақтамай.
– Маскүнем! – деп сол әйел сан тілдеген
Тірісінде марқұмды ардақтамай.
Жуды қалай ақынның тас мүсінін,
Бәрі қалып жайына басқа ісінің?
Ескерткішті жуса ол жуған шығар
Естімеуі үшін ел-жұрттың қарғыс үнін.
Олай болса, беу, дәурен, арман бар ма?
Батпас еді ер-тұрман тарландарға.
Асыл жары шынымен жар болса егер,
Мерт бола ма жұлқынып самғарда алға.
Қыран-ақын құзына самғап барып,
Сырын, жырын арайлы таңға ақтарып, -
Үлгерді де,
жөнелген Болашаққа
Бойға жиып қуатын, аруақтанып.
Жоқтап, сірә, күйеуін күнде егілген,
Әйел боп та бастыққа күнде кірген.
Асыл жары атанып қалғысы бар,
Аруағын ақынның күте білген.
Шаштан сүйреп,
сәбидей шырылдатқан,
Әйел еді көзінің нұрын жапқан.
Дүниеге тойымсыз ашкөз еді,
Күн құрғатпай марқұмды шығындатқан.
Бәсе, тегін жумайды тас тұлғаны,
Екі томы ақынның шығып жатқан.