10.03.2022
  150


Автор: Рафаэль Ниязбек

СОҒЫСҚА ҚАТЫСПАЙ ОРАЛҒАНДАР


Көгінен заман бар ма оқ ұшпаған,
Ақ әділ қоғам бар ма жол ұстаған.
Майданға аттанғанның бәрі бірдей
Жан беріп, жан алысып соғыспаған.
 Теңізші болған бар ма теңіз көрмей,
Жеңіске жеткен бар ма жеңіс көрмей.
Орденін өлгендердің тағып алып,
Оралған жандар аз ба неміс көрмей.
Тірінің бәрі өмірді сайран көрген,
Талқаны таусылады тайғанда өрден.
Соғысқа қатыспаған тірі оралып,
Соғысқа қатысқандар майданда өлген.
Қыр жақтан жылы самал көңілді есіп,
Ұл-қызы гүлдей жайнап төрінде өсіп,
Соғыстан аман-есен оралғандар
Келеді шұғылалы өмір кешіп.
Қол артып бейбіт күнге нұрын төккен,
Бақытқа солар әлі бұрын жеткен.
Жеңістің тойы аталып өткен сайын
Үй алған,
Мәшина алған Үкіметтен!
Қоғамның улы дерті қанға тарап,
Келеді әлі күнге жан жаралап.
Шайқасып қан майданда өлгендердің
Отбасы ғұмыр кешкен жар жағалап.
Сөндірмей марқұмдардың шамын жағып,
Отбасын таза ұстаған шаңын қағып,
Қам көңіл жесірлердің көз жасына
Қай арсыз жемеп еді нанын малып.
Жылытып күн шуағы бетін жердің,
Қатайып қос қанаты жетілді елдің.
 Күзірлі үйдің бәрі бақша өсірген,
Суарып көз жасына жетімдердің.
Жырласам сол жылдардың шерін толғап,
Қол соқсын қай сұрқылтай мені қолдап.
Соғысқа қатыспаған құзырлы ма,
Соғыста өлгендерден елін қорғап.
Жалғанның белден басып қарсылығын,
Қанша үйдің соғыс жұтты жалғыз ұлын.
Майданның қанды азабын ерлер тартып,
Көреді неге басқа бар қызығын?!
Жайлаған Өлермендік сұр даласын,
Елміз деп еңсең түсіп мұңданасың.
Соғысқа қатыспаған жеп келеді,
Соғыста өлгендердің сыбағасын.





Пікір жазу