ҚАРТ АҚЫННЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
Жанарымның ішінде мұң қамалып,
Жас ағады көзімнен жылғаланып.
Жебе қанша қадалған
Жүрегімді
Суарғанда толқыған нұрға малып.
Күңіреніп күй шертіп күрең күнде,
Қайғы іздері әлі өшпей тұр өңімде.
Бір жақсылық көрмеуім қалай менің,
Бар болса егер жақсылық бұл өмірде.
Жұртты жүрсем қорғайтын қалқан көріп,
Нан сұрасам алдайды талқан беріп.
Жүйрігімді сан мәрте мертіктірді,
Шауып келе жатқанда арқан керіп.
Тереңімнен бұрқырап жыр атқалы,
Жүрген қанша тауымды құлатқалы.
Жаным жылап тұрғанда,
Бір кісінің
Келмегені бұл қалай жұбатқалы.
Тіршіліктен түңіліп, суынғанда,
Кімге барып мұң шағам қуынғанда.
Бір көк бөрі ішімде ұлыды-ай кеп,
Қараулықтың бораны суырғанда.
Тағдыр мені қаншама сілкіледі,
Мүмкін асау ағысым іркіледі.
Мына сұрқай өмірге жылап келіп,
Жылап кетіп барам ба, кім біледі?