09.03.2022
  279


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨК БӨРІ

Білсең егер бұл күнде өрт көңілім,
Алыс-жұлыс тірлікпен өтті өмірім.
Қасқыр еміп өскенім жалған емес,
Хас ұрпағы болғасын көк бөрінің.
Шыр көбелек айналған жан ұшырып,
Дүниенің көрді ме сағы сынып.
Көкжал заман өсірген көкжал етіп,
Азын-аулақ баянсыз бақ ұсынып.
 Қағынғандар көп әлі жөргегінде,
Қорқау болып түсетін көрге күнде.
Талағым кеп кетеді қыңсылатып,
Ит тірліктің иттерін көргенімде.
Атқан оқтай зуылдап жөнелгенде,
Өмір, шіркін, жарқ етіп өтер демде.
Ата қазақ иттерге таланбас ед
Бөрілікті ту етіп көтергенде.
Кілең қарау жайғасып төріне елдің,
Жеткен қанша түбіне көңілді ердің.
Итке айналмай тұра ма бұл қоғамда,
Күні қараң болғасын бөрілердің.
Не істеймін,
Қайтемін төзбегенде,
Қалғым, сірә, келмейді сөзге мен де.
Бөрі қанша санынан жараланған
Аңшылары заманның көздегенде.
Сарқылды ма қуаты нар күштің де,
Ана қайда туатын арыс күнде.
Қара санға оқ тиіп,
Қан сауылдап,
Жортып келе жатырмын қар үстінде.
* * *
Жігіт деуші ем мен сені,
Ар алдында тік тұратын еңселі.
Ақиқатты қорғамадың сен неге,
Ақиқаттың болсаң егер семсері.
 Құбылмалы қилы шақтың өзінде,
Ер жігіттер тұрушы еді сөзінде.
Уәдеңді ұмытқаның бұл қалай,
Ақиқаттың нұры жанбай көзіңде.
Ел қамын жеп, жортуылдап түн жүрген
Ер жігіттің жанарында күн күлген.
Табанының бұдыры жоқ,
Тегінде
Екі жүзді жан екенсің – кім білген.
Бастан талай өткерсең де сауықты,
Сені қашан дала ұқты, тау ұқты.
Қабан қанжар жаудан гөрі бүгінде,
Екі жүзді жандар аса қауіпті.
* * *
Сүріндіріп, жықса да қандай жалған,
Үмітімді ертеңге жалғайды арман.
Кім біледі,
Бір түйір жас шығармын
Дүниенің көзінен тамбай қалған.
Тіршіліктің гүл жарсам бүртігінде,
Сөйлемейін мен неге жыр тілінде.
Жалғыз тамшы көз жаспын,
Тұрып қалған
Дүниенің ілініп кірпігінде.
Бір мұратқа асығып жетем бе деп,
Шаршадым ба, кім білсін, бекерге көп.
Қара дауыл сілкісе қауіптенем,
Жерге тамып бір күні кетем бе деп.


 * * *
Бұлт ішіне булығып Ай батқанда,
Не істейсің сайлармен қайғы аққанда.
Қазақстан – қазына,
Қазынаға
Қатер төнбей тұра ма қай жақтан да.
Кеудесінен бұрқанып жыр ағылған
Ел болса егер Ерлікті мұра қылған,
Аумалы да төкпелі бұл заманда,
Қайқы қылыш кетпесін қынабынан.
Айналса егер айбынды, саналы елге,
Күзет қойсын қарулы дала, белге.
Көрінгенге жем болып кете барған
Асқақ рухын көмгендер қара жерге.
Күн кеше ме бұл қазақ қақпайланып,
Қазығында тұрса егер ат байланып.
Жер бетінде сорлаған жұрт аз емес,
Жау төнгенде қылышын таппай қалып.
Оу, ағайын, есіңнен тана көрме,
Құлатпады кімдерді жала – керме.
Айбалтаңды үйіңде сен қалдырып,
Жалғыз өзің орманға бара берме.
Көңілімнің бар шығар бір білгені,
Екі көздің бірі жау бұл күндері.
Жансыз қанша ішіңе кіріп алған
Елді ішінен ірітіп, бүлдіргелі.
Бойға жиып қуатын құба белдің,
Мүмкін бірі шығармын туған ердің.
 Жау жасқанбай тұра ма,
Айбатынан
Айбалтасы белінде тұрған елдің.


* * *
Дүниенің көзінен сыр аулаған,
Күндер қайда жоғалған қырға аунаған.
Сұмдықтардан жүрегім шошынады,
Терезесін жанымның қыраулаған.
Жұрттың бәрін азғырып түнде сайтан,
Жердің үсті қып-қызыл күнде майдан.
Барлық әлем үлгерген қаруланып,
Оқ тиеді, білмеймін, кімге қайдан.
Шомылатын күн қайда шұғылаға,
Жалған дүние әлі де құбыла ма.
Нарттай жанып, қызарып күн батқанда,
Қауіптеніп қараймын құбылаға.
Өмірінің өзені ақпай қалып,
Күні батқан жұрт қанша нарттай жанып.
Жат жұрттарға сатылған жас сәбилер,
Оқ атпай ма күні ертең жатқа айналып.
Мына шулы өмірде дуылдаған,
Кім жетеді шындыққа қуынбаған.
Алда-жалда көгімнен жұлдыз ақса,
Зымыран ба деп тұрам зуылдаған.
Болашағым тұрғасын тұманданып,
Көп нәрсеге қараймын күмәнданып.
Қазынаны күзеткен қарауылдай,
Дүниенің қабағын тұрам бағып.





Пікір жазу