09.03.2022
  219


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘКЕ РУХЫ

Көңілім мұз боп қатқанда,
Жібітсін кімдер ақ таңда.
Ағайын ара түспеді,
Мені иттер талап жатқанда.
Қасиет елден кеткенде,
Көгерем деме көктемде.
Әлгі иттер қашып жоғалған
Әкемнің рухы жеткенде.
Бақ бар ма басқа қонатын,
Кеудеме шер көп толатын.
Қысылған шақта жебеген
Әкемнің рухы болатын.
Кемемді жөндеп күйреген,
Күні жоқ отқа күймеген.
Әкемнің рухы болатын
Мені өрге талмай сүйреген.
Бұлттарды қуып торлаған,
Күндері аз ба сорлаған.
Әкемнің рухы болатын
Жарақты жаудан қорғаған.
Желкемнен тағдыр бүргенде,
Жайпаймын өзім бір демде.
Қорқамын кімнен
Даламда
Әкемнің рухы жүргенде.





Пікір жазу