09.03.2022
  249


Автор: Рафаэль Ниязбек

ГҮЛЖАННЫҢ ТУҒАН КҮНІНДЕ ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ


Жанарымда көктем боп күле білген,
Мені сүйген айналдым жүрегіңнен.
Босағамды бақыт боп сен аттадың,
Сорды қуып іргемді түре кірген.
Жұрттың бәрі заманда күрең мінген,
Көп жетімнің бірі едім тірі егілген.
Жүрегіме қан құйып, сен емдедің
Жебелерді суырып жүрегімнен.
Жанарымның ішіне тұнған арай,
Айналмасын сен барда нұрға қалай.
Жұлып алдың қолынан
Ажал мені
Сүйреп бара жатқанда қырға қарай.
Бұлбұл құсым бағында сайрағалы,
Тұнығымды жүрген көп шайқағалы.
 Күнім бар ма мұқалып өтпей қалған
Өзің келіп жүзімді қайрағалы.
Туған елдің шақырып төрі күнде,
Жұлдыз шашып тұрасың көңілімде.
Тіршіліктің көркіне сен айналдың,
Тіршіліктің шыңдалып көрігінде.
Өзің барда тулаған тереңімде,
Еркін неге жүзбесін кеме күнде.
Қасиеті бойында тұнып тұрған
Арлы келін атандың сен елімде.
Арманымның ер салып күреңіне,
Жетем әлі сен барда тілегіме.
Жүрегіме күн нұры түспегенде,
Сенің сәулең түсетін жүрегіме.
Ұстағалы мен сенің білегіңнен,
Жанарымда жарқылдап жыр өрілген.
Кезің әлі есімде, асыл жарым,
Көңілімнің төріне кілем ілген.
Сені іздейтін жұрт болса,
Табады ылғи
Жолбарыс жусап жатқан жүрегімнен.
* * *
Қабағыма ызғарлы мұз бөктеріп,
Сұрқай күндер өтуде тізбектеліп.
Қайран өлең кеудеме құйылатын
Буырқанып жүргенде іздеп келіп.
Құбылатын заманда өмір демде,
Қайғы жоқ па, мұң жоқ па көңілді елде.
 Атқа қонғым келетін аруақтанып,
Өжет өлең кеудемде өрілгенде.
Көтеріліп қаламын желпінгенде,
Сырқатымнан айығып, дертімнен де.
Жырым күй боп кеудемде күмбірлейтін,
Көңілімде шерлі әуен шертілгенде.
Өз тағдырым өзіме көнбегенде,
Жалғыз қалған кезім көп бөрте дөңде.
Тұнық ойлы өлеңім тербететін,
Өзегімді өкініш өртегенде.
Жырым тумай торыққан бұл күндері,
Ағыстарым тұр білем іркілгелі.
Тұйықталып барам ба кім біледі,
Жұмбақ жанға айналып тым күрделі.
Көңілімнің бұлттанып тұр аспаны,
Достар қайда жететін сырласқалы.
Сағыныштың сарнайды сары желі,
Жүрегімнен жылыстап жыр қашқалы.
Ақиқатты айта алмай бұғынғалы,
Жалған емес қанымның суынғаны.
Азулы өлең жаза алмай жүрмін әлі,
Азу тісім түбінен жұлынғалы.
* * *
Дүмді қанша кеудесі желге толған,
Бірақ тұлға жоқ әлі елге қорған.
Ақсұңқар құс қай итке жем болмады,
Қанатынан қырқылып жерге қонған.
 Сыбағасын жеп келген тірілердің,
Берік әлі іргесі ірілердің.
Жүргендердің ішінде билік құрып,
Арыс бар ма жоқтаған мұңын елдің.
Тауқыметтің тартылып күйі күнде,
Күн кешпеген жан бар ма күйігінде.
Ұры атанып, түрмеге түсіп жатыр,
Билік құрып жүргендер биігінде.
Сардалаға көк тіреп тұра қалған
Қаратаудан жұрт еді қуат алған.
Іштен неге бұл қазақ ірімесін,
Ұлықтары ел тонап, ұры атанған.
Жалт қаратып өзіне дүниені,
Арлы анадан тумаса бір киелі,-
Ұрыларды өсірген ұлық етіп,
Өзгертетін күш бар ма бұл жүйені.
Жанарыма көк мұнар мұң тұнғанда,
Қай мұратқа жетемін бұлқынғанда.
Мүмкін елдің көгерер көсегесі,
Ұлтқа тұтқа болатын ұл туғанда.





Пікір жазу