09.03.2022
  168


Автор: Рафаэль Ниязбек

АТА ҚАЗАҚ

Құбыладан ызғарлы жел тұрғалы,
Кете барған сатылып жердің бәрі.
Ел қорғайтын ер жігіт жаяу қалған
Босағада шашылып ер-тұрманы.
Қаратауым ызалы күркіреді,
Алатауым ашынып жыр тіледі.
Жаяу жүріп аттыдан кек алатын
Заман қайта туды ма кім біледі.
Қайғы еседі жылдардың қанатынан,
Болашағы бұл елдің қара тұман.
Көк бөрілер ұлыды Айға қарап,
Көк бөрінің қанынан жаратылған.
Көңіліңді сергітіп, құлшындырған
Неге самал еспеді тылсым қырдан.
Найза толғап шығатын кезде мынау –
Алты алаштың найзасын кім сындырған?!
Көші адасып жолынан жаңылғалы,
Жүрген жоқ па сарсылып сағымға әлі.
Тісі кімге батады бұл қазақтың
Азу тісі аузынан қағылғалы.
Кең даланың төсінде тербетілген,
Уақыттың мұң көрем келбетінен.
Алпауыттар жанығып жүрген жоқ па,
Жоймақ болып қазақты жер бетінен.
 Күндер қайда, ендеше, бақ қуатын,
Неге жырға қоспайды аққу ақын.
Бір азамат туса егер,
Мама бие
Азамат ер мінетін ат туатын.
Азаттықтың таңы атып, күн күлгелі,
Жүрген қанша ел ішін бүлдіргелі.
Заман қорлай берсе егер,
Ата қазақ
Атқа ақырып қонады бір күндері.
Ағындаған бойымен бір жүйенің,
Бұған куә шуағы Күн – киенің.
Қазақты аттан қайыра түсіре алмай
Сарсылмасына, кім кепіл, дүниенің.
* * *
Дүниенің етегін жырымдаған,
Соғыстарда жұрт бар ма қырылмаған.
Шерлі жүрек шешенге ара түсіп,
Бір бозторғай кеудемде шырылдаған.
Зұлымдықтың көзіне сан атылған,
Ата ерліктен жұрт еді жаратылған.
Әділетсіз соғыста арын қорғап,
Менің сардар жүрегім ара тұрған.
Күмбірлеген бұл кеудем күміс еді,
Тіршілікте сан әлі мұң ішеді.
Алда-жалда қиянат көрсем егер,
Мені қорғап, араға кім түседі?!
Мына сұрқай заманда жан сыздаған,
Тамырымда күн бар ма қан қызбаған.
 Дүниенің бәрінен опа таппай,
Батырдаймын жау жоқта жалғыз қалған.
Көкжал заман көкжал ғып өсіргелі,
Қатарымнан келемін көш ілгері.
Менің ерлік ізімді сардаладан
Жүрген жандар жоқ емес өшіргелі.
Кеудесінде ар, иман ұялатқан,
Жанның бәрі арманын қияға атқан.
Ел қорыған Махамбет өлген жоқ па,
Жауыз қолдар жасаған қиянаттан.





Пікір жазу