ЕСКЕРТКІШ
Ардақ тұтқан жолдасы мен жорасы
Әкем қайда...
Табылғанда моласы.
Ескерткіш боп тұрар еді басында
Туған жердің қолдан құйған қоласы.
Соғыс жылы қатер төніп қайдан да,
Әкем өлген қанды қырғын майданда.
Ердің басы қайда аунап қалмаған
Тұғырынан тайғанда.
Жанарынан жас тамып,
Жаудан, сірә, көрмеп еді жасқанып.
Қайран әкем суық көрін жылытып,
Бір биікті жатқан шығар жастанып.
Қан майданда жүрген өжет пішінде,
Әкемді ылғи көрем түнде түсімде.
Мүмкін оның жатқан шығар моласы
Қара орманның ішінде.
Сары орыстың ойға шомып орманы,
Тіл қатпады күңіренген қорғаны.
Табыла ма жан әкемнің моласы,
Тағдырымның бастап бармай жолдары.
Қайран әке!
Туған жердің жан бітіріп тасына,
Ұлым белгі қоймады деп жасыма.
Өзіңе арнап жазған жырдың барлығы
Ескерткішім қойған сенің басыңа.
***
Үндемей келіп қабатын
Иттер көп, оған таң қалма.
Бұзықты жөнге салатын
Бұл елде қатал заң бар ма.
Жұлдызы кімнің жоғары,
Жұрт түгел соған жағынған.
Азамат ерлер жоқ әлі,
Әділдік іздеп сабылған.
Тауықсыз таңым атады,
Не керек қарын тоқтығы.
Жаныма қатты батады,
Ұяттың мүлде жоқтығы.
Жағаға шығып қалғалы,
Көкірегім сұмдық дерт толған.
Зұлымдық етек алғалы,
Жазықсыз жан көп мерт болған.
Қанды қол қылмыс жасаған –
Алаштың ары саналған.
Құда боп құйрық асаған –
Жемқор боп ісі қаралған.
Басыңа катер төндірген –
Ұсталған емес тұтылып.
Қастасып кісі өлтірген –
Кетеді оңай құтылып.
Халықтың мұңын жоқтаған
Жоғалып кетіп жатқанда,
Арысқа мылтық оқтаған
Жұлдыз боп жанған ақ таңда.
Кірмелер жайлап жерімді,
Жанарым жасқа тұнғанда,
Әділдік күтпен...
Елімді
Қараулық билеп тұрғанда.