09.03.2022
  178


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨКЖАЛ БОП ТУСАҢ ЖОҚ АРМАН


Күшіктеп қаншық көктемде,
Бауырын жазған көк белде.
Ертеңін ойлай бастаған
Арада екі ай өткенде.
Суық көп алда тоңатын,
Боран көп бұрқап соғатын.
Бөлтіріктерінің ішінде
Біреуі қанжау болатын.
Қысылса шауып жететін,
Қамқоршы қайда сенетін.
Ұяласы тұра ұмтылса,
Қыңсылап жата кететін.
 Күшіктің сыйқын көргенде,
Басылып қалған өр кеуде.
Шайқасып қалай құтылсын
Басына қатер төнгенде.
Жанарын арай булаған,
Қаншықтың қаны тулаған.
Күшікті қайтем деді ме,
Атадан асып тумаған.
Бойына қызу таратып,
Қалғанда аппақ таң атып.
Бөлтіріктеріне қанжауды
Жоқ қылған лезде талатып.
Жүзімді сұсты сазартып
Қасқырға қайтем жаза артып.
Туған бойда тұқымын
Отырған ылғи тазартып...
Қатер төніп табанда,
Өлгендер қанша даламда.
Құзынан кетер лақтырып,
Құзырлы күш көп ғаламда.
Көкжал боп тусаң жоқ арман,
Азулы көкжал заманда.





Пікір жазу