09.03.2022
  171


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШЫНДЫҚ

Дүниенің көзінен сыр аулаған,
Күндер зулап өтуде тыраулаған.
Қараулықтың жүзінен ызғар есіп,
Терезесін жаныңның қыраулаған.
Қара бұлтын үйірген жаралы айға,
Арман айтып бола ма нар ағайға.
Қоғам неге кеспесін
Сен секілді
Қарсы біткен бұтақты қарағайға.
Арбаң сынып жатқанда сайда қалып,
Жетем дейсің шындыққа қайда барып.
 Қара жерге ерлікті көмген жоқ па,
Жағымпаздық ел ішін жайлап алып.
Тыя білген тентегін, телпегін де,
Азып-тозып бара ма ел тегінде.
Құзырлының қылмысын бетіне айтсаң,
Жабыласың түрмеге ертеңінде.
Азу тісі қағылып айтысқанның,
Қасиеті артпады қай мыстанның.
Қабырғасын бұл қоғам сөккен талай,
Қабырғасы халық деп қайысқанның.
Қорлық егер көрмесең – үндемес ең,
Көз жасыңа толады күнде кесең.
Ақиқатты жалғанда сен таппайсың,
Абақтының ішінен іздемесең.
Буырқанып бойыңда қан тасынып,
Қайда тартып барасың алға асығып.
Шындық сені қорғайды қалай, айтшы?
Сол шындықтың тұрса өзі дарға асылып.
* * *
Бостандықтың көзінде күн күлгелі,
Жүргендер көп ел ішін бүлдіргелі.
Ақиқаттың ақ сөзін айтсам егер,
Қараулықтың шеңгелі тұр бүргелі.
Шындықты айтпай тіл содан күрмеледі,
Дүр дүние қай кезде түрге енеді.
Басын қорғап, ақиқат жасырынып
Өтіріктің көрпесін бүркенеді.
 Жүргендер көп арқалап мың күнәні,
Өтіріктің бағы артса – кім кінәлі.
Азат елде жүрсем де алшаң басып,
Ақиқатты айта алмай жүрмін әлі.
Туған елдің сыйдырмай маңдайына,
Жармасқандар көп әлі шалғайыма.
Ақиқатты айтпақ ем,
Қалған жоқ па
Тілім менің жабысып таңдайыма.
Өліп кеткен жан қанша шырғалаңда,
Оқ атылмай тұра ма сұр ғаламда.
Ер болмаса қатерге басын тіккен
Ақиқатты кім айтсын бұл заманда.
Кісіліктің бойлаған тереңіне,
Түсірмейді көлеңке терегіне.
Ақиқаттың ақ сөзі айтылмаса,
Азаттықтың онда елге керегі не?!





Пікір жазу