09.03.2022
149
КӨШІ ТҮЗУ ЖОЛ ТАРТҚАН КҮНГЕ ҚАРАЙ
Өткел бар ма күркіреп кісі өтпеген,
Сарбаз бар ма Отанын күзетпеген.
Қазақ кейде көзіме елестейді,
Ел болам деп бесігін түзетпеген.
Сәуле ағындап құйылған есігінен,
Жұрттың бәрі біледі есі кірген.
Жас сәбидің азамат болатыны –
Танылады қашанда бесігінен.
Талай сәби әлі де ержетеді,
Мына сырқат қоғамды емдетеді.
Бесік көрген егерде ел басқарса,
Ел-жұртын нұрға бөлеп, тербетеді.
Алатаудың жаралған құлжасынан,
Жанның ылғи кеудесі нұрға ашылған.
Білсең егер бесігі түзу елдің
Түзу ұшқан түтіні мұржасынан.
Жұртты неге ертеңге бастамайын,
Жақсылықты үлгі етсем қашпа, ағайын.
Білсең егер бесігі түзу елдің
Түзу болған жолдары таспадайын.
Көңілінде күмбірлеп күлген арай,
Көктем болып жетеді кімге қалай.
Білсең егер бесігі түзу елдің
Көші түзу жол тартқан күнге қарай